Пашинян Астана арқылы геосаяси тупиктен шығып көрмек

Көркем Алдабергенова 21 қар. 2025 14:34

Дәл қазір Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның Астанаға келуі протоколдық шара емес, Ереванның болашағын жаңалайтын саяси-экономикалық маневр болды. Ереван геосаяси тұйықтан шығу жолын жанталаса іздеуде. Оның Ресеймен конструкциясы бұзылғандықтан, орнына Қазақстан-Әзербайжан-Еуропа тізбегіне қосылуы заңды. Себебі, жағырафиялық жағынан басқа тізбекке қосыла алмайды.

Арменияға жаңа серіктес, жаңа маршрут, жаңа қауіпсіздік керек. Ал Қазақстан Еуразиялық Одақ мүшесі ретінде осыны бере алады. Ереванға Ресейге толық тәуелді болу қауіпті, Батысқа толық бет бұру мүмкін емес, ал Иран арқылы шығатын логистика шектеулі. Оның өз ішінде өндіріс аз, азық-түлік қауіпсіздігі әлсіз. Сондықтан Пашинян Қазақстанмен әріптестікті жай сөзбен емес, нақты тетікпен күшейткісі келеді. Ол Қытай-Қазақстан-Әзербайжан-Еуропа бағытына кіріп, өзін жаңа «транзит дәлізінің» бір буынына айналдыру.

Ал азық-түлік мәселесінде Ереванның Ресей астығынан бас тартып, қазақ бидайына ауысуға мүдделі болуы жай ғана сауда емес. Бұл Ресей ықпалын біртіндеп қысқарту саясатының белгісі. 2024 жылы Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 82,9 млн доллар, 2025 жылдың 9 айында 41,6 млн долларды көрсетті. Бірақ бұл әлеуеттің 10-15%-ы ғана. Нақты мүмкіндіктер әлдеқайда кең. Олар мұнай өнімдері, химия және фармацевтика, ауыл шаруашылығы, сеталл, автокөлік және қосалқы бөлшектер.

Қазақстан үшін Армения көлемі шағын, бірақ саяси тәуекелі төмен, тұрақты төлем қабілеті бар нарық. Кем дегенде 350 миллион долларлық тұрақты экспорт арнасы қалыптастыруға болады. Қазір Арменияда 120 қазақстандық компания, ал Қазақстанда 495 армян компаниясы жұмыс істейді.

Екі ел қол қойған жаңа архитектура Пашинян сапарының ең маңызды нәтижесі – 2026–2030 жылдарға арналған Жол картасы және Қазақстан–Армения Іскерлік кеңесінің құрылуы. Бұл құжаттар формальды емес. Олар транзит және логистика, өнеркәсіптік кооперация, азық-түлік қауіпсіздігі,  ІТ және финтех, фармацевтика және медицина, көлік байланыстары сияқты нақты салаларды қамтиды. Яғни Ереван өзінің экономикалық парадигмасын өзгертуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар