Әйелін ұрып-соққан Маңғыстау тұрғыны қылмыстық жазадан құтылып кетті

Көркем Алдабергенова 21 қар. 2025 13:44

Маңғыстау облысының тұрғыны әйелін ұрып-соғып, соған қарамастан қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға биыл 21 қазанда болған. Ер адам үйінде әйелін соққыға жыққан. Ал дене жарақаттары жеңіл деп бағаланған.

Сот талқылауы кезінде жәбірленуші күйеуі келтірген зиянды өтегенін және онымен татуласқанын айтты. Ол соттан ер адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатып, істі тоқтатуды сұрады.

Прокурор да, адвокат та тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды қолдады.

Соттың қаулысымен ҚР ҚК-нің 109-1-бабының 1-бөлігі («Сабау») бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Ер адам аталған кодекстің 68-бабы негізінде жауапкершіліктен босатылды.

Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар