Ақтөбе маңында жоғалып кеткен ерлі-зайыптылардың денелері табылды. Ер адамның алдымен әйелін өлтіріп, кейін өзіне қол салғаны туралы болжам бар, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, жұбайлар таңғы 10:00 шамасында үйлерінен бірге шығып кетті. 21 қараша күні қаладан тыс аумақта алдымен әйелдің, артынша оның жұбайының денесі табылған.
Әлеуметтік желіде марқұмдардың артында бес бала қалғаны туралы ақпарат тарады.
Актөбе облыстық полиция департаменті әйелдің денесінде зорлық белгілері болғанын растады.
“Одан кейінгі іс- шаралар барысында жұбайының денесі тіршілік белгілерінсіз, асылып тұрған күйінде табылды ”, – делінген ведомство хабарламасында.
Оқиға орнында тергеу-жедел тобы жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта аймақ тексеріліп, дәлелдемелер жиналуда. Әйелді өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
