Карим Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапеновтің төңірегіндегі дау қайта өршіді. Қазақстанда оған алаяқтық және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылып, келтірілген шығын көлемі 5 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Істі Қаржылық мониторинг агенттігі тергеп жатыр. Ал жуырда Мәскеу соты оны қазақстандық кәсіпорынның үлесін жымқырды деген күдікпен сырттай қамауға алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Dala News.
Қазіргі уақытта Азамат Қапенов Қырғызстанда жүр. Ол өзін осы елдің азаматы деп санайды. Дәл осы жағдай оны Қазақстанға немесе Ресейге экстрадициялау мәселесін күрделендіріп отыр.
Азамат Қапенов 1978 жылы Қырғызстанның Қаракөл қаласында дүниеге келген. Кейін Бішкекке көшіп, 1995 жылы Алматыға қоныс аударып, ҚазМУ-да білім алған. 2001 жылы Қазақстан азаматтығын алу туралы өтініш беріп, тарихи отанына оралғанын негізге келтірген. Сол кезде ол Қырғызстан азаматтығынан бас тартуға міндетті болған.
Арнайы тексеруден өтіп, Қазақстан заңдарын сақтауға міндеттеме бергеннен кейін Қапенов Қазақстан азаматы атанып, бірнеше рет құжаттарын жаңартқан.
Сондай-ақ ол бұзақылық ісі бойынша сотталып, жәбірленушіге бокал сынықтарымен дене жарақатын келтіргені үшін жазасын Қазақстан азаматы ретінде өтеген. Кейін Алматы қалалық соты оны ақтаған. Бұл шешім оның Карим Мәсімовтің қызымен некеге тұрған кезеңіне тұспа-тұс келгені айтылады.
2016 жылы Қапеновтің Қазақстан паспорты мен жеке куәлігі жарамсыз деп танылып, оның Ресей азаматтығын алғаны себепті Қазақстан азаматтығынан айырылғаны хабарланған.
Осыған қарамастан, оның қолында Қырғыз Республикасының жарамды төлқұжаты бары белгілі болды. Бұл жағдай сұрақ тудырып отыр.
Қырғызстанда қос азаматтыққа рұқсат берілгенімен, 2001 жылы Қазақстан азаматтығын алған сәтте Қырғызстан заңнамасы мұндай мүмкіндік қарастырмаған. «Қырғыз Республикасының азаматтығы туралы» заңның 26-бабына сәйкес, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай секілді көршілес елдердің азаматтығын алған тұлғалар Қырғызстан азаматтығынан айырылуға тиіс болған.
Осылайша, Қазақстан азаматтығын алған кезде Қапенов Қырғызстан төлқұжатын сақтап қалуға құқылы болмаған. Ал өзі әлеуметтік желідегі парақшасында туғаннан бері Қырғызстан азаматы екенін және ешқашан азаматтықтан шықпағанын мәлімдейді.
Бұл жағдайда, авторлардың пайымдауынша, Қапенов азаматтық ауыстырған кезде Қырғызстан құжатын тапсырмай, кейін оны қайта рәсімдеген болуы мүмкін. Мұндай әрекет Қазақстан мен Қырғызстан заңнамасының талаптарына қайшы келуі ықтимал.
Қазіргі таңда бұл мәселеге Қырғызстанның құзырлы органдары қандай баға беретіні белгісіз.