Алматы әкімдігі биыл шілдеде алғашқы көмек қобдишасын конкурс арқылы сатып алған. Алайда сатып алудың заңдылығы күмән тудырады. Құрамында дәрілік заттары бар тауарларды жеткізетін қызмет көрсетушінің арнайы медициналық лицензиясы болуы керек. Ал бұл талаптың сақталғаны туралы ақпарат белгісіз. Dalanews.kz мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған құжаттарға назар аударды.

Лот құрамында валидол, цитрамон, анальгин, йод, валериана, аммиак ерітіндісі секілді дәрілік заттар, сондай-ақ, медициналық мақсаттағы бұйымдар бар. Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұндай өнімдер тек арнайы лицензиясы бар медициналық ұйымдар немесе тиісті рұқсаты бар жеке кәсіпкерлер арқылы сатылады.

Алайда лотты ұтқан тұлғаның мұндай қызметпен айналысуға лицензиясы бар-жоғы белгісіз. Ашық дереккөздерде оның дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды айналымға енгізуге рұқсат беретін құжаты туралы ақпарат көрсетілмеген.


Осыған байланысты маңызды сұрақтар туындайды. Біріншіден, дәрі-дәрмек жеткізген тұлғада тиісті медициналық лицензия болды ма?
Егер лицензиясы жоқ болса, әкімдік тарапынан жасалған шарт заң талаптарына сәйкес келмейді. Себебі дәрілік заттарды жеткізу лицензиясы бар ұйымдар арқылы жүзеге асады.
Екіншіден, әкімдік қызметкері қол қойған құжат қаншалықты заңды? Егер жеткізуші лицензия талаптарына сәйкес келмесе, қол қойылған келісімшарттың өзі күмән тудырады. Мұндай жағдайда сатып алу нәтижесі жарамсыз деп танылуы қажет.
Келісімшартқа қол қойған мемлекеттік қызметкердің әрекеті заң бұзушылық ретінде қаралуы мүмкін.
Dalanews.kz бұл жағдайдың анық-қанығын білу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментіне ресми сұрау жолдады.
