23 қарашадан бастап жол ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Dalanews.kz тілшісі Ішкі істер министрлігі қандай жаңашылдық енгізгеніне шолу жасады.
Жылдамдықты шектеу
10 қарашада жол жүрісі ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістер 23 қарашадан бастап күшіне енеді.
Елдімекендерде жүк көліктерінің жылдамдығы сағатына 50 шақырымға дейін шектелді. Бұл шектеу жол белгілерімен нақты жылдамдық көрсетілген учаскелерге қолданылмайды (мысалы, 80-90 км/сағ).
Жылдамдықты төмендету – жаяу жүргіншілердің қаза болу қаупін азайтуға бағытталған. БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жылдамдық 60–65 км/сағ болғанда жаяу жүргіншінің қаза болу ықтималдығы 50 км/сағ-пен салыстырғанда 4,5 есе жоғары. Көріну нашарлаған кезде (боран, тұман, қар, жаңбыр) жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында колонна жүрісі кезіндегі полиция қызметкерлері мен жол жүрісіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланды. Патрульдік көлік құралдары ілесіп жүретін колонналарға қатысты талаптар да жаңартылды.
Мысалы:
- колонна ішінде маневр жасауға, басып озуға немесе өздігінен тоқтауға тыйым салынады;
- көлік тізбегіндегі көлік саны 10-нан асса, екі патрульдік көлікпен ілесіп алып жүру міндетті;
- М2 және М3 санатындағы барлық автобусқа жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін аялдамаларда тоқтауға рұқсат етілді.
Ірі көлемді және қауіпті жүктерді, велосипедшілер топтарын, сондай-ақ балаларды тасымалдайтын автобустарды ілесіп алып жүру кезінде жылдам алынатын (магнитті) бекітпесі бар қызғылт сары немесе сары түсті жарқылдауық маяктарды рұқсатсыз қолдануға болады. Бұған дейін мұндай маяктарды пайдалану үшін рұқсат құжаттарын алу, қайта жабдықтау рәсімінен өту және техникалық куәлікке белгі енгізу талап етілетін. Сондай-ақ жол парағын электронды түрде қолдануға рұқсат берілді. Визуалды қабылдауды жақсарту мақсатында барлық суреттер, жол белгілері мен жол таңбалары цифрландырылды.
Патруль қызметі
10 қарашадағы бұйрықпен ІІМ министрі полиция қызметкерлерінің патрульдік-қарауыл қызметін атқару нұсқаулығына өзгерістер енгізді. Құжат елді мекендерде және қалааралық автомобиль жолдарында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін патрульдік-қарауыл қызметінің тәртібін нақтылайды.
Атап айтқанда, патрульдік-қарауыл қызметінің жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау тәртібі төмендегідей нақтыланды:
- жаяу патрульдеу кезінде және патрульдік автокөлік (мотоцикл) бекітілген тұрған орындарда жүзеге асырылады.
Мұндай жағдайда көлікті тоқтату жүргізушіге түсінікті және авариялық жағдай туғызбайтындай етіп, қолмен яки жезлмен көліктің бағытына қарай белгі беру, сондай-ақ бір мезгілде ысқырықпен белгі жасау арқылы орындалады.
Осылайша, полиция қызметкерлеріне қайтадан көлік ағынынан машиналарды тоқтатуға рұқсат берілді. Бұған дейін тек көлік ағынында патрульдеу тәсіліне басымдық берілген болатын.
Мастықты тексеру
16 қыркүйектен бастап жүргізушілердің масаңдығын тексерудің ережелері жаңартылды. Бұл ережелер Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 796-бабы бойынша жүргізілетін әкімшілік өндірістің аясында ғана қолданылады. Бұл норма басқару құқығынан уақытша айыру және масаң күйде болатын жүргізушілерді ғана тексеруді көздейді.
Сондықтан жаңартылған ережелер тек көлік құралын басқарушыларға қатысты. Жаяу жүргіншілер мен жол жүрісінің басқа қатысушыларына жаңа талаптар енгізілген жоқ.
Сондай-ақ процедураның өзі бұрынғы қалпында қалып отыр - түпкілікті өзгерістер жоқ. Бір ғана жаңалық - бекітілген нысанның түрі: бұрын ережелер Үкімет қаулысымен бекітілген болса, енді олар ІІМ бұйрығы арқылы бекітіледі.
Бұл децентрализация және бюрократиядан құтылу саясатының аясында жасалды, осылайша мұндай құжаттарды қабылдау тәртібін оңайлатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүргізуші арнайы құралдармен, мәселен алкотестермен масаңдық дәрежесін тексеруден бас тартуға немесе медициналық ұйымында тексеруді жалғастыруға құқылы екенін еске саламыз.
Өз кезегінде, масаңдықтан тексеруден жалтару немесе бас тарту ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабының 4-бөлігінде көзделген әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін негіз болады.
