Түркістан облысындағы өрттен аман қалған екінші адам Шымкентке тікұшақпен жеткізілді

Сағыныш Сардарова 21 қар. 2025 14:47

Қазавиақұтқару авиациялық қызметінің тікұшағы Түркістан облысының Жетісай ауданынан Шымкент қаласына санитарлық рейс орындады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Санитарлық рейс "Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы" РМҚК-ның үйлестіруімен ұйымдастырылды. Рейс барысында Түркістан облысындағы өрт салдарынан зардап шеккен, 1990 жылы туған әйел Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілді.

"Гипербариялық орталық Шымкентте орналасқандықтан, ал Жетісай ауданында шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажет арнайы жабдықтар жеткіліксіз болғандықтан, науқасты тасымалдау қажет болды. Экипаж санитарлық рейсті сәтті орындап, қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, зардап шеккен азаматшаны межелі жерге жеткізді. Қону сәтінен кейін азаматша арнайы мамандандырылған дәрігерлердің бақылауына тапсырылды", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін жеке үйдегі өрт салдарынан 12 адам қаза тапты, тоғызы - балалар.

Мәліметке сүйенсек, өрттен қаза тапқан марқұмдар - бір әулеттің мүшелері.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар