Әлеуметтік желіде көпқабатты үйдің жоғарғы қабатында өз- өзіне қол салмақшы болған қыздың видеосы тарады. Куәгерлердің жедел әрекеті арқасында қыз аман қалды деп хабарлайды Dalanews.kz
Тараған бейнежазба кадрларында қыз терезенің сыртқы жағында тұрғаны, ал ер адамның сыртқа еңкейіп, онымен сөйлесіп тұрғаны көрінеді. Бір сәтте ол қыздың қолынан ұстап, терезеге қарай тартып көрді. Алайда қыз қарсылық көрсетіп, көмектеспекші болған адамдарға бой бермеді. Сол уақытта көрші терезеден тағы бір жас жігіт парапетке шығып, қызға жақындауға тырысты. Ақыры қызды күшпен ішке тартып, құтқарып қалды.
Шымкенттің ТЖ департаменті бұл оқиға 20 қараша таңертең “Модерн сити” тұрғын үй кешенінде болғанын хабарлады.
“12 қабатты үйдің сегізінші қабатында әйел адам суицид жасамақ болды. Оқиға орнына жедел қызметтер 09:52-де келді. Төтенше қызмет өкілдері келмей тұрып, жағдайды алғаш байқап, пәтерге кіріп, қыздың құлап кетуін алдын алған жанашыр азаматтар болды», – деп хабарлады қала ТЖД.
