Алматыда кесарь тілігінен кейін мерт болған әйел мен сәбиінің қазасы тергеліп жатыр

Алматыда кесарь тілігінен кейін мерт болған әйел мен сәбиінің қазасы тергеліп жатыр
Астана тв

Алматыдағы медициналық мекемелердің бірінде мамыр айында көз жұмған 32 жастағы жүкті әйелдің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Марқұмның туыстары ресми түсіндірмелермен келіспейтіндерін айтып, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын ашық әрі жан-жақты тексеруді талап етіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.

Туыстарының айтуынша, Анна Ефименко жүктіліктің сегізінші айында болған және ауруханаға түскенге дейін оның жағдайы алаңдаушылық туғызбаған. Алайда денсаулығы күрт нашарлағаннан кейін әйел алдымен №2 қалалық ауруханаға жеткізіліп, кейін №5 қалалық ауруханаға ауыстырылған. Сол жерде ол көз жұмған. Жақындарының сөзінше, жағдай күтпеген жерден және өте жылдам өрбіген.

Марқұмның жұбайы Алексей Ефименко әйелінің жағдайы күрт нашарлағанын айтып, бұған дейін ешқандай қауіп белгісі болмағанын жеткізді.

Сәбиді құтқару мүмкін болмаған

Медициналық мекемеде әйелге шұғыл түрде кесарь тілігі жасалған. Алайда дәрігерлер сәбиді аман алып қала алмаған. Бір тәуліктен кейін науқастың өзі де қайтыс болған.

Марқұмның отбасы осы уақытқа дейін бірқатар маңызды сұрақтарға жауап алмағандарын айтады. Әсіресе, олар сәбидің нақты қай уақытта және қандай жағдайда көз жұмғанына қатысты мәліметтердің түсініксіз екенін алға тартып отыр. Марқұмның әпкесі Алена Градочив бұл туралы кешке қарай ғана хабардар болғандарын айтты.

– Баланың қайтыс болғанын тек кешке қарай білдік... Ал құжаттарда басқа уақыт көрсетілген, – деді ол.

Сараптама қорытындысы

Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы іс бойынша түпкілікті қорытынды сот-медициналық сараптама аяқталғаннан кейін жасалатынын мәлімдеді. Оған дейін іс материалдары жария етілмейді.

Сонымен қатар оқиғаның мән-жайын Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті де тексеріп жатыр.

Марқұм әйелден екі баласы қалған.