Әуежайдағы сұмдық: Жолаушылар ұшағы ұшу жолағындағы адамды қағып кетті

Әуежайдағы сұмдық: Жолаушылар ұшағы ұшу жолағындағы адамды қағып кетті
pixabay.com

АҚШ-тың Денвер халықаралық әуежайында қайғылы оқиға болды. Frontier Airlines әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы ұшуға дайындалып жатқан сәтте әуежай жолағында жүрген адамды қағып кеткен, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға 8 мамыр күні кешкі уақытта тіркелген. Лос-Анджелеске бет алған Airbus A321 ұшағы екпін алып келе жатқан кезде ұшу жолағында жүрген адамды басып өткен.

Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, оқиға салдарынан адам сол жерде көз жұмған. Соққыдан кейін ұшақ қозғалтқышында қысқа уақытқа өрт шыққаны да айтылды.

Әуежайдағы өрт сөндіру қызметі жалынды тез арада сөндірген. Ұшақ бортында 224 жолаушы мен 7 экипаж мүшесі болған. Оқиғадан кейін ұшқыштар рейсті тоқтату туралы шешім қабылдаған.

Кейін әлеуметтік желіде экипаж бен диспетчер арасындағы әңгіме жазбасы тарады.

"Диспетчер, Frontier 4345. Біз ұшу жолағында тоқтап тұрмыз… Біз біреуді қағып кеттік… қозғалтқышта өрт шықты", – деген ұшқыштың дауысы жазбада естіледі.

Одан соң экипаж командирі ұшақ ішінде түтін пайда болғанын айтып, жолаушыларды шұғыл эвакуациялау қажет екенін хабарлаған.

Борттағы адамдар үрлемелі траптар арқылы ұшу жолағына түсіріліп, кейін арнайы автобустармен терминалға жеткізілді.

Алдын ала ақпарат бойынша, бір жолаушы жеңіл жарақат алған. Ұшақтағы барлық адам медициналық тексеруден өтті.

Frontier Airlines компаниясы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін әуежай әкімшілігі және қауіпсіздік қызметтерімен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Қазір Денвер полициясы мен АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі тергеу жүргізіп жатыр. Мамандар адамның ұшу жолағына қалай кіріп кеткенін анықтау үшін әуежай аумағындағы қоршаулар мен қауіпсіздік жүйесін тексеріп жатыр.