Ордабасы аудандық сотында ұстаз өзіне қол жұмсады

Ордабасы аудандық сотында ұстаз өзіне қол жұмсады
Фото: видеодан скрин

Түркістан облысы Ордабасы аудандық сотында педагогтің өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде жарияланған мәліметке сәйкес, оқиға 3 маусым күні аудандық сот ғимаратында болған. 

Жазба авторының айтуынша, 24 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз Х. Ерімбетов биыл қаңтар айында мектеп әкімшілігінің шешімімен жұмыстан босатылған.
 

Автордың мәліметінше, педагог жұмыстан заңсыз шығарылғанын айтып, Түркістан облысының еңбек инспекциясына шағым түсірген. Тексеру қорытындысында инспекция мектеп басшылығына қызметкерді жұмысқа қайта орналастыру жөнінде екі мәрте нұсқама бергенімен, оның орындалмағаны көрсетілген.

Осыдан кейін мұғалім сотқа жүгінген. Алайда, жазба авторының айтуынша, еңбек дауына қатысты іс бес айға жуық уақыт бойы түпкілікті шешілмей келген.

"Алты баланың әкесі бес айға жуық жұмыссыз жүріп күйзеліске түскен. Қолында Түркістан облыстық еңбек инспекциясының жұмысқа қайта орналастыру туралы нұсқамасы бола тұра, аудандық сотта әділдік іздеп жүрген азаматтың жағдайы осындай деңгейге жетті", – деп жазды Сафуан Жолай.

Сондай-ақ оның мәліметінше, 28 мамыр күні Х. Ерімбетов сот отырысы кезінде судьяға қарсылық білдіріп, сот залынан шығып кеткен.

Кейін оған сотқа бағынбау дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, бес тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарылған.

"Бес ай бойы жұмыссыз, күйзеліс жағдайында жүрген азаматтың бес тәулікке қамалу туралы үкімнен кейін өзіне қол жұмсауға дейін баруы – алаңдатарлық жағдай. Қазіргі таңда ол Ордабасы аудандық орталық ауруханасында жатыр", – дейді жазба авторы.

Сонымен қатар ол мемлекеттік органдарды аталған іске назар аударуға шақырды.

Оқиғаға қатысты ресми органдар әзірге түсініктеме берген жоқ.