Іздеуде жүрген экс-судья Тәткееваның Ресей азаматтығы болуы мүмкін

Іздеуде жүрген экс-судья Тәткееваның Ресей азаматтығы болуы мүмкін
Фото: qamqor.gov.kz

Аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған бұрынғы судья Қарлығаш Тәткееваның Ресей азаматтығы бар болуы мүмкін деген ақпарат тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл мәлімет алғаш рет 2025 жылдың қыркүйегінде жарияланған. Rupep жобасына сілтеме жасаған дереккөздер Тәткееваның есімі Ресей құжаттарына қатысты мәліметтер арасынан табылғанын хабарлаған.

"Таратылған мәліметтерге сәйкес, фотосуреттегі арнайы белгілер оның Ресей төлқұжаты болуы мүмкін екенін көрсетеді”, – делінген жарияланымда.

Алайда аталған ақпаратты Қазақстанның мемлекеттік органдары әзірге ресми түрде растаған да, жоққа шығарған да жоқ. Сондықтан Ресей азаматтығы туралы мәлімет әзірге тексеруді қажет ететін болжам ретінде қарастырылады.

Айта кетейік, Қарлығаш Тәткеева 2025 жылдың 20 маусымынан бері іздеуде жүр. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Бегайдаров оның іздеуде жүргенін растаған болатын.

Тәткеева ұзақ жылдар сот жүйесінде еңбек еткен. Ол Қарағанды облысындағы мамандандырылған экономикалық сотта судья болып қызмет атқарып, кейін Астанада жұмыс істеген. Сондай-ақ Жоғарғы сот төрағасының азаматтық істер жөніндегі кеңесшісі лауазымын атқарған.

Басылымның айтуынша, Ресей азаматтығы туралы ақпарат расталса, ең басты сұрақ оның қашан алынғанында болып отыр.

"Егер Карлығаш Тәткееваның Ресей төлқұжаты бары анықталса, онда ол судьялық қызметке дейін алынды ма, қызмет барысында рәсімделді ме, әлде қылмыстық іс қозғалғаннан кейін ғана алынды ма деген сұрақтарға жауап беруі қажет", – деп жазады басылым.

Қазақстан заңнамасы қос азаматтыққа тыйым салады. Ал судья қызметіне тек Қазақстан азаматтары ғана тағайындала алады. Осыған байланысты сарапшылар судьяларды іріктеу және арнайы тексеру жүйесінің тиімділігіне қатысты мәселелердің де көтерілуі мүмкін екенін айтады.