Қазақстанда 5 маусымнан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеткілікті шекті есептеу тәртібі өзгереді. Жинағында жеткілікті шектен артық қаражаты бар азаматтар оның бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалануға өтініш бере алады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов зейнетақы жинағының жеткілікті шегін есептеу әдістемесін өзгерту туралы қаулыға қол қойды.
Жеткілікті шек - болашақтағы зейнетақы төлемін қамтамасыз ету үшін азаматтың шотында міндетті түрде қалуға тиіс сома. Ал осы мөлшерден асатын қаражатты тұрғын үй сатып алуға, ипотеканы өтеуге немесе емделуге жұмсауға болады.
Жаңа әдістеме бойынша есептеу кезінде азаматтың жасы, өмір сүру ұзақтығы, ең төменгі зейнетақы мөлшері, болашақ жарналар, инвестициялық табыс және басқа да көрсеткіштер ескеріледі.
Мамандардың сөзінше, мемлекет әр адам зейнетке шыққаннан кейін қанша қаражат қажет ететінін есептеп, шотта сақталуға тиіс соманы соған қарай анықтайды.
Жеткілікті шекті есептеу кезінде:
- азаматтың жасы;
- зейнетке шығуға дейінгі жылдар саны;
- ең төменгі зейнетақы көлемі;
- болашақтағы зейнетақы жарналары;
- инвестициялық табыс;
- төлемдер мен өзге көрсеткіштердің жыл сайынғы өсімі назарға алынады.
Отбасы банктің мәліметінше, 4 маусымнан кейін берілген өтініштер жаңа ереже бойынша қаралады.