Біртуар, дарынды, алтын айдарлы әншіміз Димаш Құдайбергеннің орындауындағы жібектей есілген «Дайдидай-ау» әні құдіретті әуенімен дүйім әлеуметті тәнті еткені соншалық, тіпті дүниежүзінің концерт залдарында Димаштың әніне қосылып, теңіздей толқыған халықты көріп жүрміз.
Әрине, миллиондаған тыңдаушылар арасында осы «Дайдидай-ау» әнінің авторы кім, қашан пайда болған деген сұрақтың туындауы әбден мүмкін.
Ал, әлеуметтік желідегі «Музарубканың» жүргізушісі бұл әннің авторы Мағжан Жұмабаев пен Бейімбет Майлин дегені тіпті шындыққа жанаспайды. Бұл аса көрнекті ақын, жазушыларымыз 1937-38 жылдарғы сталиндік қанды қуғын-сүргіннің құрбандары болды.
Мағжанның композитор еместігінен бейхабар кейбір «білгіштер» «Япырай», «Дайдидай-ау» әндерінің сөзі мен әнін Мағжанға теліп, оның «Сен сұлу», «Сүй, жан сәулем» өлеңдеріне ән қосып жазғаны қазақ әндерінің жинағында бар (1990 ж. «Өнер» баспасы, Алматы қ.).
Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов ұлы ақынымыз Абайды – даналық пен парасатты, ал Мағжанды – сезім қасиетін жырлаушы ақындар деп атағаны бар.
Сонымен, «Дайдидай-ау» әнінің сөзі мен әуені көрнекті ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың шығармаларына еш қатысы жоқ.
Бұл әнді көпшілік халық ауыз әдебиетіне теңегенімен, оның авторы, сазды әуенінің иесі әрі орындаушысы – Мұхаметқанапия Бахрамұлы Шақшақтегі. Оның жас кезінен ақындық талантын, таным-табиғаты мен құралайды көзге атқан мергендігіне сүйсінген халқы оған «Сегіз сері» деп ат қойған. Ол 1818 жылы Солтүстік Қазақстанның орманды алқабы, көкжасыл табиғаты жайқалған Гүлтөбе-Маманай ауылында дүниеге келіп, 1854 жылы 36 жасында туған жерінде қайтыс болды. Оның әкесі Бахрам өз заманына сай білімді, жан-дүниесі терең, дара мінезді кісі болса керек.
Ал Сегіз серінің атасы Шақшақ – Керей тайпасының Ашымайлы руынан шыққан қадір-қасиеті артқан, ел аузындағы тұлға болғаны мәлім.
Ұлы атасы Қожаберген жырау да Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте жауынгер, қолбасшы болған. Қазақ тайпаларының басына төнген қасіреті мен ашаршылықты сипаттаған «Елім-ай» эпикалық жырының авторы. «Елім-ай» әні Патшалы Ресейдің опасыздығын суреттейді: 1731 жылы Кіші жүз қазақтарын өзіне қосып алғанымен, Патша билігіқазақ жасақтарына ешқандай (дипломатиялық, материалдық)көмек бермей, керісінше қазақтар мен жоңғарларды бір-біріне қарсы жауластырып, жоңғарлармен жасырын сөз байласып, оларға оқ қару мен зеңбіректерін, т.б. соғыс құралдарын беріп отырған. Ондағы Ресейдің көздегені қазақтарды біржолата құртып, оның шұрайлы жерлерін басып алу еді. Бірақ жымысқы ойы жүзеге аспай, қазақ батырлары өз жерлерін қорғап қалды.
Сегіз сері Омбы қаласындағы Азия әскери училищесінде (кейін Шоқан Уәлиханов оқыған Сібір кадет корпусы деп аталды) оқып жүргенде-ақ Патша билігінің қазақ еліне қарсы жазалаушы әрі салықпен қанаушы отряд жасақтап жатқанын түсінеді. Қазақ Дала демократиясының ұлттық тәлім-тәрбиесінде, адалдық пен ар-намыс рухында тәрбиеленіп өскен Сегіз сері училищені бітірген соң-ақ генерал-губернатор П.Д. Горчаковқа қызмет етуден бас тартады. Осы қарекеті үшін Орыс Патшасының тұтқынынан қашқан Сегіз сері Батыс Қазақстандағы нағашы ағасы, қазақ тарихында есімі белгілі батыр, ұлт көтерілісшілерінің жетекші көсемі Сырым Датұлына барып бас сауғалайды. (П. Вяткин – академик, «Батыр Сырым», «Москва-Ленинград» басп., 1947 ж.).
Батыс Қазақстанның шексіз қиыр даласында Сегіз сері өзінің серіктестерімен ат үстінде елден елді жағалап 4 жыл бойы Патша үкіметінің жауыз қарақшылары мен оның саясатын жүргізіп отырған қазақтың сатқын сұлтандары, соның ішінде Жәңгір ханның сойылын соққан жалдамалы жендеттерден қашып, бой тасалаған. Осы жылдары туып-өскен жерден жырақта жүрген Сегіз серінің кейін қазақ халқының мәдени асыл мұрасына айналған туындылары жазылды.
Сегіз сері табиғатынан батыр тұлғалы, сымбатты, рухы биік, әнші, композитор, музыка, қол өнер, қару жасаудан шебер жан-жақты бола тұра, құралайды көзге атқан мергендігі де бар еді. Осы қуғын-сүргін заманда еңсесі түскен елдің ішінен өзі сияқты серіктес талантты жігіттерді жинап, Сегіз сері шағын өнерпаздар тобын құрған. Әр ауылға келгенде ел жиналып, оларды қуанышпен қарсы алып отырған. Жиында ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізге сай өнегелі, өміршең үрдісі, таным-табиғаты, қадір-қасиет, рухани болмыс-бейнесін жырлаған айтыс, әндер, күйлер, жырлар мен аңыздар айтылып, палуандар додаға түскенде қызыққа кенелген қауымның жаны кіріп, жадырап қалатын еді.
Әр жердің табиғаты, әр елден көрген тұрмыс қарекеттері, болмысы бөлек қазақ қыздарының бойынан табылатын сұлулық қасиеттері, соғысқа кеткен ерлерінің орнын басып,елін, жерін қорғап, жауға қарсы шапқан қазақ аруларының батылдығы – осының бәрі Сегіз серінің шығармашылық шабытының қайнар көзі болды.
Сондықтан Сегіз сері кейіпкерлерінің есімдері: «Гаухартас», «Ғайни», «Ақбет», «Қарғаш», «Дайдидай-ау» және басқалары осыдан 150 жыл бұрын дүниеге келген және қазірдің өзінде еліміздің театр және концерт залдарының сахналарыда халықтың сүйіп тыңдайтын әндеріне айналған.
Міне, бүгінде классикаға айналған махаббат жырлары «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», поэтикалық драма «Айман – Шолпан» әлемдік «Ромео мен Джульетта», «Ләйлә мен Мәжнүн», «Фархад пен Шырын» поэмаларымен қатар айтылады.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы музыкалық-поэтикалық шығармаларды тудырған көрнекті тұлға, Патшалық Ресей отарлаушыларына қарсы күрескер Сегіз сері туралы жазылған кітаптар, ғылыми еңбектер, мақалалар Қазақстанның газет-журналдарында көптеп жарияланған. Осы жазбаша дереккөздерде «Дайдидай-ау» әнінің сөзі, әні, орындаушысы Сегіз сері екені айтылған.
Қараменді Т.С. «Қазақ әдебиеті» газ., 13.08.2010 ж.
Қараменді Т.С. «Қазақ әдебиеті» газ., 20.10.2006 ж.
«Сегіз сері шығармалары», 2 томдық, «Жалын» баспасы, 2013 ж.
Сегіз серінің таңдамалы шығармалары, 2 томдық, «Дәуір» басп., 2014ж.
Дәркенбаева Г.К. «Сегіз сері шығармалары – қазақ халқының асыл қазынасы», «Дәуір» баспасы, 2014 ж.
Оспанов С.К. «Сегіз сері. Өмірі мен музыкалық мұрасы». «Балауса» басп. 2020 ж.
Бүгінгі сахна төрінде орындалып жүрген Сегіз серінің әндерін көпшілік ауыздан ауызға айтылып жүретін халық әніне теңейді. Неліктен?
Дүние жүзі халқының сүйіп тыңдайтын әніне айналған «Дайдидай-ау» әнінің, сондай-ақ бірнеше жыр, поэмаларының авторы Сегіз серінің аты 30 жыл бұрын Тәуелсіздік Декларациясын қабылдаған елде осы уаққа дейін неге көпшілік назарынан тыс қалып отыр? Өйткені Сегіз сері бала жасынан Орыс Патшасының қазаққа деген зұлымдығын арғы атасы Қожабергеннің «Елім-ай» жырынан естіп, біліп өскен, кейін өзінің ашу-ызаға толы шығармаларында Патша билігін, оның өкілі П.Д. Горчаковтың қазақ ауылдарын талқандаушы қанды қол қарақшы екенін ашып жазады. («Сегіз сері», Шығармалары, том 1, «Дәуір» баспасы, 2014 ж., 61 бет). Сондай-ақ Сегіз сері училище (кадет корпусын) бітіргеннен кейін Патшаның жазалаушы отрядына қосылудан, оған қызмет етуден бас тартқаны да өз шығармаларында айтылады. (Осы шығармасында).
Орыс Патшасының озбырлығына, отарлауына қарсы көтерілісті бастаған Исатай Тайманұлы мен елінің бостандығы үшін аянбай күрескен ақын Махамбет Өтемісұлының сатқын туыстарының қолынан қаза табуы да Сегіз серінің өлеңдерінде сипатталған. (Аталған дереккөзде). Патшаның аса жауыздығымен аты шыққан Кузьминский мен Дерышев отрядтары Сырдария өзенінің бойын жайлаған қазақ ауылдарын қатыгездікпен қырып жойғаны да Сегіз сері өлеңдерінде бар. (Аталған дереккөзде, 113 бет).
Сегіз серінің көрнекті ақын, сазгер, шығармашы тұлға ғана емес, Патшалы Ресейдің отарлық езгісіне қарсы күрескер болғанын ресми дереккөздер растайды.
«Қазақ ССР тарихынан» (1957 ж. Алматы қаласында басылған, 346-347 бб.) үзіндіде былай деп жазады: «Подполковник Кузьминский, Дерышев және майор Михайловтың жазалаушы отрядтары аса қатыгездігімен көзге түсті. Олардың бір отряды 164 ауылды әйел, бала-шаға, кемпір-шалымен қоса қырып-жойып, қостарын өртеп, малдарын айдап кеткен». Бұл жан төзгісіз жауыздық жайында А.И. Герценнің шығарып отырған «Колокол» газетінде: «Ежелден жауынгерлер арасында Кузьминский мен Дерышев отрядтары сияқты қанішер зұлымдар болған емес. Бұл сұмдық оқиғаның әлі де зерттелері анық» деп жазды. Әрине, Патшалы Ресей империясы кейін оның орнын басқан Кеңес одағы отаршылдарға қарсы күрескен қазақ патриоттары жайында ештеңе айтпады, жазбады. Міне, ұлты, елі, жері үшін күрескен Сегіз серінің Патша империясы, Кеңес заманында да есімі аталмауы сондықтан. Сегіз серінің есім, ерлігі және оның шығармалары ауызша халық арасында айтылып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Қазақстан тарихында есімі жазылмаған Сегіз серінің (Мұхаметқанапия Бахрамұлы Шақшақтегі) атын аңызға шығарып, ал оның айтулы шығармаларын Кіші жүзден шыққан трайбалист-қазақтар өз аттарына жазып, иемденгісі келгендер де болды. Трайбализм әлі күнге дейін қазақ халқының тұтас ұлт болып қалыптасуына кесірін тигізуде.
ХХ ғасырдың аяғында Сегіз серінің өмірін, шығармаларын зерттеуші екі ғалым дүниеден өтіп кетті. Бірі - Төлеш Сүлейменов, филолог-ғалым, «Сегіз сері» кітабының авторы, 1991 ж., Алматы, «Өнер» баспасы. Кітапта газет, журнал, әдеби мұралар мен қолжазбалар – 279 дереккөзі көрсетілген. Екіншісі – Сейітқали Қарамендітегі (менің әкем) – жарты ғасырдан астам уақыт ауыз әдебиетіңің фольклорын зерттеп, халықтың ауызекі шығармаларын тірнектеп жинаған. Араб қарпін еркін оқитын ол, 1929 жылы Қазақтанда латын әліпбиіне ауыстырғанға дейін Сегіз серінің шығармаларын жинап, бастырып шықты. Ол Сегіз серінің араб графикасында жазған «Қыз Жібек» поэмасын түпнұсқадан оқыған. 1991 ж. 19 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Бекежан да бір арыс» атты әкемнің мақаласы шықты.
1905 жылы Қазан қаласында Жүсіпбек Шайхусламұлы Сегіз серінің «Қыз Жібек» поэмасын, Біржан сал, тағы басқа ақын-жыраулардың еңбектерін ашықтан-ашық иемденіп,өз атынан бастырып шығарған. Бұл поэманың кейіпкері Төлегенді өлтірген Бекежанды ол Орта жүздің Арғын руынан деп көрсетеді.Ал Бекежан, ол Кіші жүздің батыры. Сөйтіп, Жүсіпбек шын мәнінде Төлегенді өлтірген Қожа руынан шыққан өзінің жерлесі қарақшы Кескентеректі жасырып қалады. Міне, сондықтан әлі күнге дейін кинода, театрда, бұқаралық ақпарат құралдары мен мектеп оқулықтарында тарихи мәні бар ақиқат бұрмаланып,халықтың назарына теріс ақпарат сіңіп кеткен.
Осыдан кейін 2000 жылы Кіші жүздің трайбалистері БАҚ арқылы Т. Сүлейменовті – фантаст, ал менің әкемді Сегіз сері шығармаларын өзінің атағын шығару үшін пайдаланды деп айыптаған. («Ақтөбе». «Ана тілі» газеттерінде ).
Соған қатысты сот, жиналыс, талқылау, басылымдар арқылы қазақ ұлтына Сегіз серінің тарихи тұлға екені, асыл мұрасы – дүйім әлеуметті ұйытар мәні барөнегелі де өміршең төл туындылары толық дәлелденді.
Мысалы, Сегіз серінің өмірі мен өнерін зерттеп, көптеген мақала жазып жүрген Қаратай Биғожинге Алматы қаласы Медеу ауданының соты шешімімен жала жабушылар тарапынан 2001«Ана тілі» газеті арқылы кешірім сұрап, 80 000 теңге айыппұл төленді. (Сотта мен оның жақтаушысы болдым). «Қазақ әдебиеті» газетінде 2006 жылы 3 және 7 қарашада шыққан 43,44 сандарында менің «Сегіз сері – халықтың ұлы тұлғасы. Жалақорларға жауап» атты мақалам жарық көрді.
Бірақ, соңғы 20 жыл ішінде Сегіз сері мен оның шығармаларының шынайылығына дәйекті дәлелдерге қарамастан, оны жоққа шығарған екіжүзді ғалымдар, жазушылар мен композиторлар әлі тиісті жазасын алмай келеді. Енді оларды тек әкімшілік жазамен ғана емес, сонымен қатар қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес құрметті атақтарынан, үкіметтік марапаттарынан айырып, жауапқа тартатын уақыт жетті.
Нақты дәлелдер ретінде. Композитор Илья Жақанов «Аққулар қонған айдын көл» атты өз кітабында 1988 жылы Сегіз серіні тұлға ретінде көрсетсе, 2000 жылдан бастап қазақтың ән, музыка өнерінде Сегіз серіні жоқ қылып тастады. («Жұлдыз» журналы №10,2003ж.).
Жазушы Мереке Кұлкенов «Жәнгір хан» кітабінде Сегіз серіні суырып салма ақын екенін көрсетті. Ал 2000 жылдан бастап «Ана тілі» газетінде Ақтөбелік мұғалім Бөрібай Картеннің мақалаларын жариялап, Сегіз сері жоқ, ойдан шығарылған тұлға деп атады. Бұл менің мақаламда «Әуезов ұл-қызын неге орысша оқытты?» («Қала мен дала» газеті№16,4.05.2018ж. )
Қазіргі «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Қайрат Мәтреков тіпті рухани қылмысқа жол беріп отыр. Осы газеттің №69,26.08.2021 жылы Маңғыстау ауданының құрметті азаматы, Қ.Р. халық ағарту ісінің үздігі, «Еңбек ардагері» медаліңің иегері Н. Арықбайұлының «Бекежан да бір арыс» мақаласын жариялапты. Сонда бұл атақтары «жер жаратын» адам, айтып кеткен менің әкемнің ( Сейтқали Қарамендин) 30 жыл бұрын 19.07. 1991 ж. жариялаған мақаласының тақырыбын да, мәтінін де өзгертпей көшірген Н. Арықбайұлының ұрлығын, «Жас Алаш» шығарып отыр.
Төлеубек ҚАРАМЕНДІТЕГІ, профессор, КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, қоғам қайраткері.