Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумды ұйымдастыруға 20,8 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Қаражат үкіметтік резервтен бөлінбек, деп хабарлайды Dalanews.kz
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Михаил Бортник мәлімдеді.
Оның айтуынша, алдын ала смета аумақтық сайлау комиссияларынан түскен өтінімдер негізінде қалыптастырылған. Қазіргі таңда есеп-қисаптар Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі тарапынан қаржылық талдаудан өтіп жатыр.
Ресми мәліметке сәйкес, қаражат референдум өткізуге қажетті ұйымдастырушылық шараларға, сайлау учаскелерін дайындауға, комиссия мүшелерінің еңбекақысына және техникалық қамтамасыз етуге бағытталмақ.
Айта кетейік, Конституциялық өзгерістерді жалпыхалықтық дауыс беру арқылы қабылдау елдегі маңызды саяси науқан саналады. Ал бөлінетін қаражат көлемі қоғамда түрлі пікір тудырып отыр.
