Жетісу облысында дүкенде жарылыс болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
15 ақпанда 18:45 шамасында Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында орналасқан "Малика" азық-түлік дүкенінде газ-ауа қоспасы жарылды.
"Оқиға салдарынан сыртқы қабырға мен шатырдың бір бөлігі құлап, шамамен 36 шаршы метр аумақ зақымданған. 3 адам зардап шегіп, тексерістен кейін аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Жағдайлары орташа ауыр, тұрақты", - деп жазылған хабарламада.
Оқиға орнына Жетісу облысы ТЖД күштері мен құралдары жедел жеткен, 27 жеке құрам, 6 техника жұмылдырылған.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
