Брифингте ШҚО Төтенша жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Серік Амангелдин қыркүйек айында жылыту маусымы басталған сәттен бастап, құтқарушылар мыңдаған үйді аралап, өрт қауіпсіздігін бұзуға қатысты 24 428 жағдайды анықтап, үлкен қауіптің алдын алғанын тілге тиек етті.
Әдетте көпшілігіміз жылыту маусымына қалыпта дүние ретінде қарап, мән бермейтініміз жасырын емес. Жылыту маусымына аса сақтықпен қараған ләзім. Бұл ретте өрт қауіпсіздігін сақтап, төтенше жағдайлар саласы қызметкерлерінің айтқан талаптарын екі етпей орындаудың маңызы зор. Осылайша тілсіз жаудың алдын алуға болады.
Журналистермен кездесуде шығысқазақстандық төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылар ШҚО әкімдігі жанындағы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын 8172 жеке тұрғын үйлерді тексеріп, өрт қауіпсіздігін сақтау шараларының қаншалықты орындалғанын пысқтаған. Профилактикалық шара барысында тұрғындарға пешпен жылыту және газ жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау ісі кеңінен түсіндіргендерін алға тартты. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті ағымдағы жылдың басынан бері қолайсыз отбасылардың тұратын жерлеріне 339 рейд жүргізіпті.
Қазіргі таңда облыс аумағында тұрғын үй секторындағы өрттердің үлесі өрттердің 60%-дан астамын құрайды. Ағымдағы жылдың 9 айында облыс бойынша 1145 өрт тіркелген, оның ішінде 740-ы тұрғын үй секторында орын алса, жеке тұрғын үй секторы аумағында өрт салдарынан қаза тапқандар саны 35 адамды құраған. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметкерлерінің сақтық шараларын күшейтуін түсінуге болады. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда отты абайсыз қолдану кезінде, пештерді орнатып, пайдаланғанда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзылғаннан кейін орын алып жатады екен.
Бұдан басқа электр жабдықтарын монтаждау мен техникалық пайдалану ережелерін бұзу жағдайлары да оттың тұтануына негіз болатынын ұмытпауымыз керек. Осы ретте мамандар жылыту пештерінің түтін құбырлары, түтіндіктері және басқа да элементтері жылыту маусымы алдында күйеден тазартып тұрудың маңызы зор екенін ескертеді. Сонмен қатар пештерді қараусыз қалдыруға, оны қадағалауды балаларға тапсыруға әсте болмайды. Көмір мен ағаш отын қолданылатын пештерді тұтар кезде тез тұтанатын, жанғыш сұйықтықтарды қолданудың қажеті жоқ. Мұны соңы жайсыз жағдайға ұрындыруы мүмкін.