Тікелей эфир барысында аймақ басшысы өңірде қолға алынған маңызды жобалар жайында әңгімеледі.
– Соңғы уақытта облыс үшін әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолға алып жатқандардың көбейгені қуантады. Мәселен, Наталья Саратова Өскеменде экономикалық таза материалдардан балабақшалар мен шағын орталықтарға арналған ақыл-ойды дамытатын ойындар мен ойыншықтар өндірісін бастады. Елімізде отандық ойыншықтардың бұл бағыттағы түрі жоқ. Сонымен қатар кәсіпорында көпбалалы және жалғызбасты аналар да жұмыс істейді. Білім басқармасына жобаны зерделеуді тапсырдым. Облыста 345 балабақша бар, егер бұл дамыту ойындары балалар үшін қызықты және танымды болса, онда біз отандық өндірушіні қолдаймыз, – деп жазды аймақ басшысы Instagram желісіндегі парақшасында.
Чернобыль АЭС апат салдарын жоюға қатысушылар атынан әкімге Байбатыр Қанжығали жүгінген. Бүгінде облыста аталмыш санатқа жататын 859 азамат бар. Д.Ахметов атап өткендей, қыркүйектің соңына дейін аталмыш санаттағы 100 адам Алакөл шипажайларына бюджет есебінен емделуге баратын болды.
– Курортология ҒЗИ ғалымдары жүргізген бальнеологиялық зерттеу қорытындысы Алакөл суының шипалы екенін растады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына ЧАЭС қатысушыларын жыл бойы ШҚО шипажайларында емдеумен және сауықтырумен қамтуды тапсырдым. Алакөлде «Alazone Arena« мәдени ойын-сауық кешенінің құрылысы басталған. Бұл 3 700 орындық ашық концерттік алаң. Онда халықаралық деңгейдегі фестивальдар мен концерттер өткізуді жоспарлап отырмыз. Жоба инвесторы Арман Ахметқанов жеке қабылдау барысында электр энергиясын үздіксіз беру үшін трансформаторлар қажеттілігін алға тартты. Нысанды электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі Үржар ауданы әкімінің бақылауына тапсырылды, – деді аймақ басшысы.