Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталған экс-министр Бишімбаев ісінде прокурорлардың позициясын көпшілік жақсы қабылдады. Прокурор Саяхат Нұрбеков шығарылған үкімге, жалпы Бишімбаев пен Байжанов ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Саяхат Нұрбековтің сөзінше, бұған дейін әйелдерді зорлау, сыбайлас жемқорлық, есірткі сақтау, өткізу секілді қылмыстық істер бойынша мемлекеттік айыпты қолдаған. Оның прокуратурада қызмет еткеніне 6 жыл болған. Сонымен қатар, осы жылдар ішінде 300-ден аса іске мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысқан.
Прокурор Бишімбаевқа басында басқаша айып тағылғанын айтты.
"Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен тіркелді. Кейін 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағы "Аса қатыгездікпен адам өлтіру" болып сараланды. Кейін "Қорлау" бабы қосылды", - деді ол ulysmedia.kz-ке сұхбатында.
Сот отырыстары ашық түрде тікелей эфирде өткізілді. Мемлекеттік айыптаушы мұның жүгі қаншалық ауыр болғанына жауап берді.
"Сот отырысын тікелей эфирде жүргізу бізге алғашында қиын болды, уайымдадық. Бірақ одан кейін сот отырысы барысында бұл форматқа да үйрендік. Өйткені өзіміздің қызмет барысында да кез келген жағдайға әрдайым дайын болуымыз керек.
Ашық сот отырысына да, жабық сот отырысына да қатысқанмын. Жабық сот отырысының бір ерекшелігі ол жерде сотқа қатысушы тараптардан басқа өзге ешкім қатыспайды. Яғни прокурор, адвокат, сотталушы, судья және хатшы (қатысады - еск.). Бұл ашық сот отырысы болғандықтан БАҚ өкілдері, туысқандары емін-еркін қатысты. Салтанат Нүкенованың суреттері, дене жарақаттары бар жерлерде жәбірленуші тарап өтінішхат келтіріп, БАҚ өкілдеріне көрсетпеу мақсатында сұранды, сол жерлері жабық өтті", - деді прокурор.
Саяхат Нұрбековтың пікірінше, заң жүзінде Бишімбаевқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмауына себептер болған.
"Халық өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Алайда соңғы 5 жылда республика көлемінде осы тектес, яғни әйелдеріне қатысты қатігездікпен адам өлтірген адамдарға 15 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалған. Бишімбаевқа өмір бойынан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау үшін 10 алқабидің барлығы бір ауыздан дауыс беруі қажет және судья дауыс беруі қажет болатын. Ал біз Бишімбаевқа жаза сұрау барысында аталған сот практикасын назарға алып, Бишімбаевтың бұрын сотты болғанын, оның қылмысты масаң күйде жасағанын ескеріп, оған осы бапта көзделген 20 жыл, яғни ең жоғарғы бас бостандығынан айыру жазасын сұрадық. Ал "Қорлау" бабы бойынша ең жоғарғы 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрап, түпкілікті жазаларды ішінара қосу арқылы 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасын ұсындық.
Қылмыстық-процестік кодекстің баптарына сәйкес бас бостандығынан айыру жазасының ең жоғарғы шегі 25 жылдан аспайды. Ал практика бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы екі немесе одан да көп адам өлтіргендерге қатысты қолданылады және бұрын адам өміріне қатысты аса ауыр қылмыс жасағандарға тағайындалады. Мемлекеттік айыптаушылар сотқа "осындай жаза тағайындауды ұсынамыз" деп тек ұсынады. Ал түпкілікті шешімді алқаби мен сот шешеді", - деп түсіндірді ол ulysmedia.kz-ке сұхбатында.
Прокурор әу бастан Бишімбаевтың кінәсі дәлелденетініне сенгенін жеткізді.
"Мен аталған іс тіркелген күннен бастап, яғни процесс прокуроры болғандықтан оның кінәсі дәлелденетініне сенімді болдым. Аталған қылмыстық құқықбұзушылықты Бишімбаевтың жасағанына сенімді болдым. Ол алқаби сұрайтынын білдік, өйткені тергеп-тексерудің соңында тергеуші Бишімбаевты қылмыстық іспен таныстыру барысында "сотта менің қылмыстық ісімді алқабилердің қатысуымен өткізуді сұраймын" деген жазбаша өтінішхат білдірген. Бишімбаев неге алқаби сұрағанын білмедім. Мүмкін жазасын жеңілдетуге тырысқан шығар", - деді айыптаушы.
Саяхат Нұрбековтің сөзіне сенсек, 16 жылға дейін Бишімбаев түрмеден шықпайды.
"Қылмыстық кодекстің 72-бабына сәйкес Бишімбаев аса ауыр санатындағы қылмыс жасағаны үшін сотталған. Ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу үшін үштен екі бөлігін, яғни 16 жылдан кейін ғана мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатпен шыға алады. Алайда бұл мәселе сот отырысында қаралады. Сот Бишімбаевтың түзелгеніне, түзелмегеніне мән береді. Оның мекеме ішінде қандай да бір құқықбұзушылық жасаған-жасамағанын, сонымен қатар, жәбірленушінің пікірін ескере отырып, сот босатуы мүмкін немесе босатпауы да мүмкін. 16 жылдан кейін шығып кетеді деген мәселе емес. Ол жерде де сот мән-жайды тексереді, қарайды, сөйтіп түпкілікті шешім қабылдайды", - деді ол ulysmedia.kz-ке сұхбатында.
Бишімбаевтың адвокаттары апелляцияға беруге ниеттері бар екенін мәлім етті. Дегенмен бір нюанс бар екен.
"Бишімбаев жаза мерзіміне шағым келтіре алмайды. Бұл (еск.) - алқабилермен қаралған қылмыстық істерде шығарылған үкімнің қайта қарау ерекшеліктері. Яғни ол алқабилерді таңдауға, сот отырысында қандай да бір Қылмыстық-процестік заңнаманың бұзылуына шағым келтіре алады. Ал өзіне тағайындалған 24 жыл жаза бойынша шағым келтіре алмайды. Алқабилер қарамаса, (24 жыл жаза бойынша шағым - еск.) келтіре алатын еді", - деді прокурор.
Сондай-ақ, ол қылмыстық істе аталған кейбір заттай дәлелдер табылмай кеткенін айтты.
"Байжанов қылмысты жасыру бабы бойынша кінәлі деп танылды. Ол өзінің туыс ағасы Бишімбаевтың жасаған қылмысын біле тұра дәлелдемелді жоюға бағытталған іс-әрекеттер жасаған. Нашатырь табылған жоқ. Салтанаттың киімдері бар. Олар заттай дәлелдеме ретінде танылған. Бірақ нашатырь спирт жоқ. Байжановтың айтуы бойынша, Байжановтың көмекшісі Байжановқа дәріханадан әкеліп берген. Байжанов оны Бишімбаевқа берген. Әрі қарай қайда кеткені белгісіз", - деді Нұрбеков.
Еске салайық, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынған еді. Оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.
Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:
- аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
- қорлау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).