Баяғыда қазақтың киіз үйінің уығы қисайса, бүкіл шаңырақ теңселетін. Қазір де дәл солай. Қоғам дегеніміз – шаңырақ. Оның рухани тіректері – уық. Сол уықтарға дін, тіл, тарих пен мәдениет жатады. Қайсысы майысса да, тұтастық бұзылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттың болашағы экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, рухани тұтастығымен өлшенеді» дегенде дәл осы ішкі үйлесім мен идеологиялық симметрияны меңзегені анық.
Ислам діні – қазақтың сенімі ғана емес, ойлау жүйесі. Бұл – «тәубе» мен «ысырап» ұғымын тіршіліктің өзегіне айналдырған дүниетаным. Жаратушы мен адам арасындағы байланысты парасатпен өрнектейтін рухани координата. Қазақ баласы дүниеге келгенде құлағына азан айтып ат қояды, өмірден озғанда жаназамен шығарып салады. Осы екі аралықта жүріп өткен бүкіл ғұмырында Исламның ізі, исі, мәні бар.
Он екі ғасыр бұрын келген Ислам діні түркілердің дүниетанымымен қабысып, ханафиттік мазхаб аясында бірегей дәстүрлі ислам моделін қалыптастырды. Мұсылманшылық қазаққа жат болған жоқ. Ол – жалаң догма емес, кеңдік пен кешірімге, ізгілік пен тәрбиеге негізделген ұлы жүйе.
Тарихтың иірімдерінде қазақ діні мен дәстүрі бірге өрілді. Тек атеизмнің үңгіріне түсіп кеткен кеңестік кезең ғана бұл сабақтастықты үзіп кетті. Енді біз рухани байланыстарды қалпына келтіру үстіндеміз. Қайта оралу процесі жүріп жатыр. Ол – бір күнде болмайтын ұзақ жол. Жол бойында бізге ілім, иман, парасат пен сабыр серік болуға тиіс.
Бүгінде Қазақстанда жаңа мешіттер бой көтеріп жатыр. Олар – сәулет өнерінің керемет үлгісі ғана емес, мемлекеттің рухани сәулетінің де көрінісі. «Нұр-Астана», «Хазірет Сұлтан», жуырда ашылған Бас мешіт – бұл елорданың рухани артериясы. Бұл мешіттер тек құлшылықтың орны емес, мәдени, идеологиялық, ағартушылық орталыққа айналып үлгерді.
Дін саласында экстремизммен күрес ісі де жолға қойылды. Бұл бағыттағы іс-шаралар қоғамдық иммунитетті қалыптастырудың саяси және рухани үрдісіне айналды. Егер адам дұрыс діни білім алмаса, ол «ақпараттық жиһадтың» құрбанына айналатыны белгілі. Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы жастардың діни санасына әсер ететін мыңдаған видео, жазбалар бар. Солардың арасында дәстүрлі Исламға қарсы тұратын, еліміздің рухани тұтастығын бұзатын, саяси радикализмді насихаттайтын көздер баршылық. Сондықтан бізге дәстүрлі исламның нақты моделі қажет.
Ол модель – Ханафи мазхабы мен матуридилік сенім мектебі. Бұл – Қазақстандағы діни саясаттың іргетасы. Себебі осы мектеп қана зайырлы мемлекетті мойындайды. Осы мектеп қана діни плюрализм мен ұлттық бірегейлікті қабыстыра алады. Қазақстанда бұл бағытты қолдайтын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бар. Басқарма мешіттер мен медреселерде осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Бірақ бұл – бір басқарманың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті.
Құрбан айттың ресми мереке ретінде танылуы – мемлекеттің дінге деген көзқарасының көрінісі. Бұл – зайырлы мемлекеттің діннен бас тартпай, оны мәдени құндылық ретінде қабылдайтын саяси жетілгендік белгісі. Сондай-ақ Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының белсенді мүшесі ретінде ислам әлеміндегі ортақ мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Бұл – еліміздің халықаралық беделінің де, ішкі тұрақтылығының да көрінісі.
Бүгінгі қазақ қоғамы діни идентификация кезеңінен өтіп жатыр. Бұл процесс – ішкі трансформациямен қатар жүреді. Әсіресе жастар арасында діни білімге сұраныс артты. Бірақ сұраныс сапамен қабыспаса, ол вакуумды экстремистік идеология толтырады. Сондықтан мектептер мен ЖОО-ларда дінтану пәнін күшейту, мешіт имамдарының теологиялық дайындығын арттыру – стратегиялық маңызы бар мәселе.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық идеологияға қатысты ұстанымы – нақты әрі дәйекті. Ол ұлттың бірлігі мен болашағы тек экономикалық реформамен өлшенбейді дейді. Рас, рухани әлсіз қоғам кез келген ақпараттық шабуылға төтеп бере алмайды. Сондықтан бүгінгі таңда мемлекет өзінің діни саясатын қайта құрылымдап жатыр. Бұл – уақыт талабы.
Сөз соңында айтарымыз – қазақ руханияты, оның ішінде Ислам діні – ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың басты факторларының бірі. Бұл бағытта жүріп келе жатқан мемлекетімізге парасат пен сабыр, халқымызға иман мен білім тілейік. Себебі бүгінгі таңда мешіт – тек құлшылық орны емес, ол – мемлекет пен қоғам арасындағы сенім көпірі. Ал сенімсіз қоғам – тамырсыз ағаш секілді. Түбі шайқалады. Ал қазақ ешқашан тамырсыз болмаған.