Елдегі ахуалмен танысып, Ақорданың ақпараттық саясаты, ішкі және сыртқы саясаттағы шешімдерін сүзгіден өткізген лорд Уортон Тоқаевтың Украинаға қатысты ұстанымын таразыға тартып, көлемді мақала әзірлеген-тұғын.
Автор Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан Ресейдің саяси ғана емес, сонымен бірге ақпараттық құрсаудан босап, сыртқы саясатта дербес әрекет етуге талпынып жатқанын айрықша атап өткен.
Ұлыбритания Қазақстанның негізгі инвесторының бірі, содан болса керек еліміздегі өзгерістерге барынша сергек қарап, елегізіп отырады. Батыс әлемі біздің елді энергетикалық қауіпсіздікке кепіл болатын одақтас деп есептейді.
Украинаға басып кірген Кремльдің саясаты ұлан-ғайыр аумағы Ресеймен шектесетін Ақорданы ойға батырды.
Британ саясаткері өз мақаласында Қазақстан президентінің Ресеймен қарым-қатынаста барынша байсалды, тең дәрежелі байланыс орнатқанын тілге тиек еткен.
"Тоқаев Путинге көңіл бөлуді қаперден шығармайды. Десе де, шешім қабылдауға келгенде Ресейдің ығына жығылмай, ішкі-сыртқы мәселеде Кремльдің Ақордаға ықпал етуіне жол бермей отыр.
Жаңа Қазақстан көрші елден ағылып жатқан ақпараттық тасқынның бетін қайтарды. Қазақстандық қоғам Украинадағы ахуалға Ресейдің көзімен қарамайды", – дейді лорд Уортон.
Оның пайымдағанындай Ұлыбритания Қазақстандағы саяси ахуалдың уақыт өте өз арнасын тауып, елдегі демократиялық құндылықтардың іргетасы нығаяды деп сенеді.
Бұл тарапта негізгі салмақ әлемдік лидерлермен тілмашсыз-ақ тіл табыса алатын президентке Тоқаевқа түседі.
Оның дипломат ретіндегі қарым-қабілеті сыналар шақ әлі алда.
Тісқаққан британ саясаткерінің бағалауынша Тоқаевтың Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғаудағы ұстанымы нық. Әділетті Қазақстанның көшбасшысы Орта Азия аймағында Ресейдің әміріне бағынбайтын жаңа, тәуелсіз концепцияны әзірлеуге талпынып жатыр.
"Кремль кіндік Азиядағы күн өткен сайын құлдырап бара жатқан абырой-беделін түрлі саяси бопсаның көмегімен қалпына келтіргісі келеді. Соның ішінде Солтүстік Қазақстанға қатысты қулық-сұмдыққа толы, жалған пропаганданы үйіп-төгіп, Ақорданы өз уысында ұстауға тырысып бағуда.
Аталған аймақтың кейбір факторлары Қырым, Луганск, Донецк облыстарына ұқсас. Қазақстанның теріскейіндегі аудитория ресейлік ақпараттық кеңістіктіктің ықпалында отырғаны өтірік емес.
Десе де, көптеген қазақстандықтар Путиннің шапқыншылығын қолдамайды. Ұлтына, ұлысына қарамай басқыншыларға қарсы жанкештілікпен күресіп жатқан Украинаны қолдайды", – дейді лорд Уортон өз мақаласында.
Сөзінің жаны бар. Қазақстан ажалдан қашқан ресейліктерге пана болуда. Путиннің мобилизициясы басталғалы бері 200 мыңға тарта ресейлік атажұртын тастап, Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болды. Қазақ халқы олардың кеудесінен кері итерген жоқ, керісінше қолдан келгенше көмек көрсетуде.