Батыс Қазақстан облысында биыл Индустрияландыру картасы аясында 7,7 млрд теңгеге 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, бұл 440 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Соның ішінде 926 млн теңгеге қосымша үш жоба іске қосылмақшы. Атап айтқанда, «Стекло Сервис» ЖШС 350 млн теңгеге алдағы желтоқсан айында терезе және есік шығару өндірісін бастамақшы. Сол секілді «Асар» ЖШС жыл соңына дейін 376 млн теңгеге аяқкиім тігу фабрикасын ашпақшы. Ал «Евразия Тренд» ЖШС 200 млн теңгеге есіктер шығаруды жолға қоймақ.
Жалпы, екінші бесжылдық (2015-2019) барысында өңірде 82,4 млрд теңгеге 22 инвестициялық жоба (1196 жұмыс орны) жүзеге асырылуда. 2018-2019 жылдары 1,6 млрд теңгеге үш жоба іске қосылмақшы.
Биылғы он айда өнеркәсіп кәсіпорындары 1,5 трлн теңге өнім өндірді, бұл өткен жылғыдан 7,1 пайызға көп. Ал экспорт көлемі тоғыз айда 3,4 млрд АҚШ долларына жетіп, 41 пайызға артты. Айта кетелік, соңғы жылдары Батыс өңірінің өндіріске қатысты көрсеткіштері жақсарып келеді. Айталық, аймақта шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 42 пайызға жеткен. Бұл еліміз бойынша Астанадан кейінгі екінші көрсеткіш екен.
Мұндағы ет зауытының өнімдері ішкі нарықтан бөлек Ресей мен Иранға экспортталуда. Қазірдің өзінде 60 тонна ет Иранға жөнелтілген. Сұраныс күн санап өсуде.
Ал Оралдағы «Стеклосервис» әйнек зауыты шығаратын термотөзімді шынылар тек Батыс өңірге емес, көршілес Ресей облыстарына жіберіліп жатыр. Қуат және жылу үнемдеуші әйнектер Еуропадан әкелінген алдыңғы қатарлы қондырғыларда өңделеді.
Ал бір жылдары бұл зауыт тек ғана әйнек кесумен айналысатын. Индустрияландыру бағдарламасы қолға алынғалы бері өндіріс орны әйнектің бірнеше түрін, әсіресе тең жарымын өнімдерінің экспортқа шығаратын деңгейге дейін жеткен.