Ел дамуының әлеуметтік экономикалық көрсеткішін есептеп шығарған министрліктің мәліметінше, өнеркәсіптің өсіміне көмір, лигнит, мұнай, табиғи газ, металл кендері, мұнай өңдеу және металлургия өнімдерін өндіру айтарлықтай әсер еткен.
Сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіптің 5,2 пайызға ұлғаюы есебінен отандық дәрі-дәрмек өндірісі, тоқыма бұйымдары, қағаз өнімдері, азық-түлік және сусын өндіру саласында қарқынды өсім байқалған. Бұдан сырт жиһаз өндірісі, металлургия өнеркәсібі және машина жасау қарыштап дамыған.
Ал республика бойынша, өнеркәсіптің тамырына қан жүгірткен өңірлердің көш басында Атырау облысы тұр. Бұдан кейін Батыс Қазақстан облысы мен Астана қаласы жоғарғы көрсеткішті жалғастырады.
Бұдан басқа ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі де біршама артқан. Әсіресе Павлодар, Маңғыстау және Қызылорда облыстары мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге елеулі үлес қосқан.
Айта кетелік, бұдан бұрын Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек
Қазақстанда өндірілетін өнімдер әлемнің 110 еліне экспортталатынын айтқан болатын. «Бүгінгі таңда өңдеуші өнеркәсіптің қазақстандық өнімдері 110 елге экспортталып жатыр. Кейбір тауар позициясы бойынша өткізудің тың нарығы ашылған. Алғашқы алты айда «Азия-авто» компаниясы өндіретін автокөліктің 672-і Қытай мен БАӘ-ге жөнелтілді. Қытайлық әріптестермен бірлесе құрастырылған Қостанайдағы автокөліктер Тәжікстанға экспорттала бастады. Ауылшаруашылығы техникасы тұңғыш рет Ресей нарығына жол тартты. Локомотивтер экспорты Тәжікстан мен Әзербайжан еліне де жолға қойылып, 40-қа жуық локомотивті өткіздік. Бұл тізімді одан ары да жалғастыра беруге болады», – деген еді ведомство басшысы.
Жеңіс Қасымбек сонымен бірге индустриялық даму бағдарламасының арқасында жалпы экономика мен өнеркәсіптің құрылымы өзгеріп келе жатқанын да тілге тиек еткен.
«Өңдеуші сектордың ел экономикасының дамуындағы үлесі 2010 жылы 11,3 пайызға, 2017 жылдың 7 айының көрсеткіші бойынша 12 пайызға жетті. Бұл дегеніңіз, индустриаландыру бағдарламасы, шынында да, Қазақстанның экономикасына әсерін тигізетінін көрсетіп отыр. Өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 2010 жылы 30,5 пайызға, 2017 жылыдң 7-8 айы бойынша 41,1 пайызға өсті», – деген еді министр.
Айтпақшы, Қазақстан экономиканың – шикізаттық емес секторын дамыту жұмыстарын барысын тікелей «Нұр Отан» партия қатаң бақылауда. Еліміздің жетекші партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында нақты көрсетілген базалық салалар мен инновацияны дамыту міндеттерін жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды жүргізуде. Бұған сай 2021 жылы елімізде түрлі-түсті металлургия экспорты 20 пайызға өседі деп күтіліп отыр. Сондай-ақ мұнай-газ саласында бәсекеге қабілеттілік артып, энергиямен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың аясы кеңеймек.
Партия басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, Елбасының тапсырмасымен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында осы күнге дейін 1000-нан астам жаңа кәсіпорын салынған. Оны жүзеге асыруға 5 триллион теңгеден астам қаражат бөлінген.