Бойжеткендерге бойкүйез еркектер ұнамайды

Dalanews 15 қыр. 2015 04:32 1830

Ер адамды тартымды ететін айқын қасиеттер бар. Сол қасиеттерді кей ер адам бойында болмаса да, өзіне көңіл аударту үшін ғана пайдаланады. Еркек сымбатты, дәулетті болмаса да, негізгі артықшыларды білсе, әйел үшін қалай тартымды бола білуді меңгереді. Ол үшін ең алдымен өзінің белсенділігін көрсетуі тиіс. Өзінің қай істе де бірінші екенін дәлелдеуі керек. Жанындағы сұлуға екінші сатыда қалуға мүмкіндік тудыра отырып, оның жүрегін жаулап алуға болады. Ол үшін еркекке қазына толы алтын қажет емес. Тек өзіне деген сенім болса болғаны. Таңдау жасау мен шешім шығаруда белсенді болуы тиіс. Сонда әйел оны қалтқысыз мойындайды.

Игорь Саторин, Ресей

Түрі онша емес жігіт өзіне сенімді болып, ұнатқан қызға гүл сыйлап, кәмпит әперсе, киноға шақырып, қолынан ұстаса, онда қыз да өзін ару сезіне бастайды. Ер адамның «ян» түйсігі белсенді екенін сезінеді. Қыздың «инь» қабылдауы илігеді. Әйел мұндай қарым-қатынаста енжар болады. Өзін қалағанды, ие болғанды, басқарып кеткенді көріп, шын қуанады.

Белгілі әлеуметтанушы И.Кон айтпақшы: «Еркек – скрипка тартушы, әйел скрипка, ер адам өзінің дарыны мен шеберлігіне сай сан алуан әуез шығара алады». Әйелдің бойындағы әйелдігін ашу еркектің сенімінен. Әйелді белсенді, өзіне сенімді еркек толғандырады. Ол осындай адамның жанында өзіне әлсіз, нәзік болып қалуға рұқсат етеді. Арынды жігіттің жанында өзін қорғалған, қамқорлыққа алынғанын түсінеді. Осындай сенімге ие болған әйелдің нәзіктігі өздігінен бүр жарады.

Бойкүйез жігіттен әйел атаулы бойын аулақ салуға тырысады. Бойкүйездік пен белсенділік арасы тым алшақ жатыр. Не сен қамқоршы боласың, не қамқоршының қалқанының астында қаласың.

Белсенділіктің басы бала күннен басталады. Бала ата-анасының жанында алынбас қамалдың артында тұрғандай қауіпсіз сезінеді. Ересек адамдар балаға қамқорлық танытады. Оның істегені үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Керек кезде көмектеседі. Қол ұшын созады. Өмір сүруге үйретеді. Есею мен осындай қамқорлықтан құтылу жастарға оңай емес. Балаға еркіндік бермеу оның ересек өмірде өз орнын табуына көп зиян тигізетіні ескерілмей жатады.

Үнемі қамқорлықта өскен бала жауапкершіліктен ада өседі. Ол есейгісі келмейді. Мұндай балалар көбіне инфантильді болып қап кетеді. Енжар, бойкүйез, осал болып ержетеді. Ол өмірдің қиындықтарын қасқайып қарсы алуға, жеңуге қабілетсіз келеді.

Жігіттердің көбісі ата-анаға зәрулігін ересек өмірге ала келеді. Мұндай жігіт жұбайынан «аналық алақан» іздеп әуре болады. Ал, күйеуге енді шыққан келіншек жарын әкесіндей қамқор деп қабылдайды. Кей кездерде жұмыстағы бастығын да «ата-анамен» шатастыратын адамдар жолығады. Әйтеуір, жауапкершілікті іле салатын адам кездессе, ауыртпалықтан өздігінен емес, өзгенің көмегімен құтылуға пейілді боп тұрады.

Кей жұптар мұндай жағдайға өзара риза болады. Кей еркек әйелінің айтқанынан шықпай өмір сүргенді қалайды. Әсіресе, интроверттер  бойкүйездікке бейім келеді. Олар көлеңкеде қалғанды ұнатады. Қандай жағдай болмасын жүрекпен қабылдамайды. Өздігінен жағдайды реттеуге ниет білдірмейді. Бұл ереже емес, заңдылық.

Маңызды дәйек. Экстраверсия – ерік-жігері мықты, батыл адамға тән қасиет болып саналуы мүмкін. Қорқынышқа қарамастан жағдайды қолына алады. Бірақ экстраверт үшін мәселе шешу, күресу қалыпты жағдай. Оларға өзінің жанына үңілу, жалғыз қалу үрейлірек. Сондықтан ол үнемі қыдырып, көпшілік жерде уақыт өткізгенді қалайды. Интроверт қоғамдық істермен шұғылданғанды жек көреді. Экстраверт жалғыз қалу қорқынышын ұмыту үшін түрлі жұмыстарға өз еркімен жегіледі.

любовьСүйегі қатқан экстраверт белсенді әрі намысшыл болып көрінуі кәдік. Дегенмен де, сезімге келгенде үстірт болуы ықтимал. Жүрекпен қабылдамайды. Ересек еркек болса да, сезімге келгенде өзін мектептің оқушысындай сезінуі әбден мүмкін.

Интроверт түйсік, сезім, шығармашылық, сезімді сездіруге келгенде сыртынан тым ойшыл, терең болып көрінуі мүмкін. Бірақ әрекетке келгенде ындыны құриды. Қызды кездесуге шақыру енжар интровертке салтанатты шара болып шығуы әбден мүмкін. Ол қорқып, алаңдап, толқып, қобалжиды. Экстраверт те қобалжи біледі. Бірақ оның қобалжуы әрекетпен тығыз байланысты.

Турасын айтқанда интроверттер тым үркек, көп уайымдағыш келеді. Барлық жағдайды бекер уайымдаумен құртып тынады. Экстраверттер кей жағдайды тым қарабайыр қабылдайды. Түйсік пен сезім керек кезде, тым дөрекілік танытып алады.

Қарым-қатынаста тым енжар болған еркектің бәрі интроверт бола бермейді. Экстраверттер әрекетке келгенде белсенді болғанмен, ішкі қорқыныштан жеңілетін кездері аз емес. Ол жоқ десе қайтем деп үрейленеді. Қарым-қатынаста тым белсенді еркек әркез эстраверт бола бермейді. Кейде шын қаласа, интроверттер өте сенімді қимылдайды.

Экстраверттер әрекетте белсенді. Ішкі әлемнің ұңғыл-шұңғылына үңілуге келгенде үркек келеді. Интроверттер керісінше өзін тануға барын салады. Бірақ сыртқы әлемді тануға келгенде көп қателік жасайды.

Рухани өсу үшін жауапкершіліктен қорықпау керек. Жанның рахатын сезінетін кеңістіктен саналы түрде шығып отырған пайдалы. Экстраверттерге – өзіне үңілу керек. Интроверттерге сыртқы әлемді тану пайдалы.

Аударған Шынар Әбілдә


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар