(Фотолар Асылхан Әбдірайымовтың архивінен алынды)
[caption id="attachment_11700" align="alignright" width="1656"] Кім мат болды?[/caption]
Әкежан Қажыгелдиннің дауынан соң қазақтың саяси билігіне айрықша әсер еткен осы топты оппозициялық басылымдар жұлдызға айналдырды. Әлихан Бәйменовтың саяси сараптамалары, Ораз Жандосовтың экономикаға қатысты сыни және талдамалық пікірлері, Болат Әбіловтың бизнес саласындағы кемшіліктер жайлы тұщымды ойлары қоғамда қызу талқыға ұласып жататын. Егер сол шақтағы суреттеріне көз жіберсеңіз, жүздерінен шынайы достық шуағы есіп тұратын. Алқаған топтың ортасында «үш достың» ойы да, жарасымы да өзгеше елестейтін...
Жеңіс кімге бұйырды?
Жоғарыдағы суретке қарап отырып, дәл осы ойында кімнің жеңгенін қарадай білгің келеді. Қарсыластар екеу: Ораз Жандосов пен Әлихан Бәйменов. Екеуі де бір-біріне қош көңілмен шахмат тақтасына назар салған. Бізге дәл осы ойындағы Ораз Жандосовтың риясыз күлкісі мен шынайы табиғаты ұнайды: көңілінде ешқандай дік жоқ, оң қолын алдыға созып, слонды (пілді) жылжытуға оқталып тұр. Оның ойлау мәнерінен бұл ойынды таза тәсілмен аяқтау аңғарылатындай.
Бәйменов болса, езуіне күлкі үйіріліп, Ораз Жандосовтың келесі жүрістері туралы ойлағанға ұқсайды. Пешканың басын бүріп ұстап, Ораздың қатқыл шабуылына бөгет жасауды – қорғаныс тәсілін қалағаны байқалып тұр. Және пешкамен қарсы тараптың негізгі фигурасына өзіндік сес көрсетуді де ойлайтын секілді.
Осы барыста бақылаушы боп тұрған Болат Әбіловтың да бұл ойыннан тысқары еместігі аңдалады. Қимылына қарап, қай жаққа көмекке келетінін білу қиын. Бір қолын қалтасынан шығармаған күйі ойынға ынты-шынтысымен зер салып, бұл жекпе-жектен өзінің де қалыс қалғысы келмейтінін аңғартатын секілді. Үстелдегі позицияға және фигуралар санына мән берген жан Жандосовтың бұл ойында бәсі үстем екенін біледі. Бірақ шахматтың аты – шахмат. Ойын толық аяқталмай, жеңісті бір жаққа беруге ешкімнің құқы жоқ. Шахматта мыңдаған жүрістің бар екенін ескерсек, кез келген тығырықтан жол табуға болады. Ең бастысы, өзіңіз құрған комбинацияларды соңына дейін жеткізу әрі қарсыласыңыздың болашақ жоспарларын алдын ала айқындау...
Бұл 2003 жылы өткен «Ақ жол» партиясының ІІІ съезі кезінде түсірілген сурет екенін ескерсек, екі саяси саңлақтың одан кейін де талай мәрте шахмат ойнағаны белгілі.
Ораз Жандосов: «Мұнайдың ақшасын халыққа беру керек»
Оразды жұртшылық білікті экономист ретінде таниды. Ол отызға жасы толмастан билік сапында белді қызметтер атқарды. Шетелдік инвестициялар жөніндегі агенттік төрағасы болғанда, жұрт оның болашағына таңдай қағып, бас шайқасқан. Бұдан кейін Ұлттық банктің төрағасы, вице-премьер, бірінші вице-премьерлікке дейін көтерілді. 2001 жылы атышулы «Қазақстан демократиялық таңдауына» мүше боп кіріп, Үкімет үйімен қош айтысқан ол, 2003 жылы «Ақ жол» партиясының тең төрағасы бола жүріп, Президенттің көмекшісі қызметін қоса атқарғаны және бар. Бұл қызметтен бір жылдан соң қайта кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Билік туралы ащы пікірлері, экономикалық сараптамалары апта сайын жарияланып, Алтынбек Сәрсенбаев бастаған серкелер тобының негізгі мүшесі бола білді әрі Қазақстанға демократиялық ұстындарды енгізуге бар күшін салды. Кейін «Ақ жол» қаққа бөлінгенде, ол Сәрсенбаев-Тұяқбай тобында қалды.
Ол сол шақта әлеуметтік теңсіздіктер туралы жиі айтатын. Шикізатқа мейлінше бай Қазақстанда тақыр кедейлердің санының не үшін көп екендігіне күйінетін. Мұнайдан түскен пайданы 17 миллион халыққа теңдей бөліп беру туралы да ұсыныс жасаған. Кейбір сарапшылар дәл бүгінгі таңда Қазақ Үкіметіне Ораз Жандосовтай білгір маманның аса қажет екенін айтып жүр. Өйткені, Ораздай экономистер елімізде тым аз...
Қазір Ораз ешқандай мемлекеттік қызмет атқармайды. 2008 жылдан бері өзі құрған «Ракурс» экономикалық сараптау орталығының жетекшісі. Кейбіреулер Тимур Құлыбаевтың экономика жөніндегі кеңесшісі дегенді де айтып жүр. Шын-өтірігі белгісіз.
Әлихан Бәйменов: «Билік ауысуы керек»
Әлихан Бәйменов туралы жұрт арасында екіұдай пікір бар. Бірі оның ашық ойлы, демократ азамат екеніне имандай сеніп, өткір сын-пікірлерін қызу қолдаса, екінші топ әрбір ісіне күмәнмен қарайды. Жастайынан биліктің әртүрлі баспалдағынан өткен ол, бір кездері Жезқазған облысы әкімінің орынбасары (1992), Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты (1994-1995), Еңбек министрінің орынбасары, бірінші орынбасары (1995-96), Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары (1996-97), ҚР Премьер-министрі кеңсесінің жетекшісі (1997-98), ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі (1998-99), Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттік төрағасы (199-2000), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі (2000-01) болды. Егер қызметтік өсу баспалдағына қарасаңыз, Бәйменов бармаған сала аз. Ол Президент әкімшілігінен тартып, Үкімет ішілік тыныс-тіршілікті, облыстық әкімдіктің қыр-сырын жақсы біледі. Жыл сайын қызмет ауыстырып, бірден бірге секірген Бәйменовтың бірнеше жыл бұрын билікке қайта келіп, кезінде өзі бірінші басшы болған Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттіктің төрағасы болғанын білеміз. Ертеректе ұзақ уақыт «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысының құрылтайшысы әрі жетекшілерінің бірі болды. «Ақ жол» демократиялық партиясын құрғандардың ішінде белді ойыншы болған ол, 2005 жылдары Сәрсенбаев-Тұяқбай тобымен келіспей, партияны екіге бөліп әкетті. Оппозицияның күшейіп тұрған уақытында Ә. Бәйменов саяси реформалар туралы жиі айтатын. Ол үнемі билік ауыспай, ешнәрсе өзгермейтініне тоқталатын.
«Ақ жолдың» соңғы тағдыры немен аяқталғаны белгілі, қазір ол қалталы топтың қолында – Азат Перуашев басқарады. Кейбіреулер Бәйменов билікке келу үшін өз партиясын қыруар ақшаға сатқан деп те айтады...
Қазір Ә. Бәйменов ҚР Үкіметінің Қаулысымен мемлекеттік қызмет жөніндегі өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы қызметін атқарады.
Болат Әбілов: «Мен саясатқа ораламын»
«Сен саясатпен айналыспағаныңмен, саясат сенімен айналысады». Болат Әбіловтың ұстанымы осыған саятындай көрінеді. Саясатпен айналысу керек, бірақ соңына түсудің қажеті шамалы, тек өз мүддеңді қорғау үшін күресе білсең болды...
Ол да жоғарыдағы екеуі секілді бірнеше саланың басын ұстады. Аты жас бизнесмен ретінде шыққан ол 90 жылдардың басында «Бутья-капиталын» құрып, халықтан ақша жинап, кейін байығасын бәріне көмектесемін деп уәде берген. Халық қаржысын қайтарған-қайтармағаны беймәлім, бертінге дейін Болаттан ақшасын даулап жүргендердің болғанын білеміз. Депутат болған жылдарында өткір сауалдар жолдап, тіпті Үкіметбасы Тоқаевты сотқа бергені де ел есінде. Кейін «Қазақстан демократиялық таңдау» қозғалысына қосылып, саяси амбициясын сынап көрмек болды. «Ақ жол», «Нағыз ақ жол» партияларында тең төрағалардың сапында жүрді. Жақиянов түрмеден босағанда осы Болат мырза: «Бұл елде не сен қаласың, не мен қаламын» деп шарт қойған деген сыбыс бар. Бертінде «Азат» партиясын құрған. Ол партия қазір бар ма, жоқ па, белгісіз...
Кейбіреулер Болатты қазір шетелде жүр деп айтады. Екі жылдан кейін елге оралып, саясатпен тың күшпен айналысам депті-мыс.Айтқан уақыты да келді. Мүмкін, елге келіп, тағы бір бастаманың жетекшісі болар...
Түйін:
Өмір шахматтың тақтасы дейді. Әркім өзінше король. Бірақ түбі бір мат болады. Ал тіршілігінде талай мәрте мат болатын жандар бар. Бірі саясатта, бірі экономикада, бірі қара базарда, бірі хан базарда. Біз жоғарыдағы ойында кімнің мат болғанын білмейміз. Ал саяси өмірде осы үш тұлғаның қайсысы мат болды? Біздіңше, ойын әлі аяқталған жоқ. Үш бөлек кеткен олардың саяси аренадағы биік белестерден әлі де үміті болуы мүмкін... Әлде, ойын әлдеқашан аяқталып кетті ме?..
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ
Әлихан Бәйменов:
Біз тәуелсіз ел болғандықтан, БАҚ-да ел мүддесіне сай балама пікірді халыққа жеткізуге жол ашуымыз қажет. Өйткені ұтымды пікірлер елдегі жасөспірімдерге де, ойлы азаматтарға да, тіпті биліктің өзіне де қажет. «Сын түзелмей, мін түзелмес» деген қазақ. Ендеше балама пікір – ел әлеуетінің көрсеткіші.
Сонымен қатар теледидар арқылы әлемге Ресей көзімен емес, өз көзімізбен қарау үшін жетекші арналар мен басылымдардың әлемнің негізгі аймақтарында тілшілері болуы шарт.
(«Жас қазақ үні» газеті)
Ораз Жандосов:
Мені ешкім билікке шақырған жоқ. Өзімнің де оған қазір барғым келіп отырғаны шамалы. Өйткені қазіргідей жүйелі өзгерістер жасалмаған жағдайда бір мекемеге барып, діттегеніңді толық жүзеге асыру қиын. Жөні түзу мемлекеттерде Үкіметтің көзқарасы қоғамдағы жалғыз пікір болып есептелмейді. Ал бізде Кеңес кезеңінен қалған дәстүр өзгермеген. Үкімет басқа көзқарастарға мән бермейді. Оған қоса, менің жасап жатқаным елге, адамдарға қажет деп есептеймін. Өйткені бұқараның қоғамдағы оқиғалар бойынша объективті, білікті пікір алатындай басқа ақпарат көзіне мүмкіндігі жоқ. Мәселені саясаттандырмай-ақ, оны сан қырынан қарауға жол ашатын балама пікір қоғамда болуы тиіс.
(abai.kz сайты)
Болат Әбілов:
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Премьер-Министрді сотқа берген депутат болған емес. Мен шетелдік мұнай компанияларымен екі арада жасалған келісім-шарттарды депутаттарға көрсетуден бас тартқаны үшін сол кездегі Премьер-Министр Қасымжомарт Тоқаевты сотқа берген депутатпын. Біз күні бүгінге дейін бар байлығымыздың қандай жолмен, қалай сатылып жатқанын білмейміз! Сондай-ақ ел астанасы Ақмолаға көшірілетін болғанда мұның себебін түсіндіруді сұрап, Президент Н.Назарбаевтың атына бір емес, екі реет үндеу хат жолдадым. Себебі, астана көшетін болған соң, Алматыдағы барлық үкіметтік, мемлекеттік ғимараттар, демалыс орындары мен шипажайлар белгісіз шағын компанияларға көк тиынға құнсыз сатылып кетті... («Жұлдыздар отбасы» )