Қазір қоғамда АЭС салу мәселесі қызу көтеріліп жатыр. Әркім өз ой-пікірін айтып, талқыға салуда. Бұл өте керемет және демократиялық үрдіс. Себебі, болашақты бағамдауға қатысты маңызды шешімдер қабылдауда халықтың араласуы құптарлық іс.
Атап өту керек, АЭС тұрғызу – өте ауқымды жоба. Оны не үшін іске асыру қажеттігі жиі айтылып жүр. Белгілі болғандай, бүгінде елімізде электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 20 пайызы газдан, 5-6 пайызы күн, жел және судан алынады. Оған қоса, энергетикалық инфрақұрылымның жартысына жуығы тозған деседі.
Салдарынан өңірлерде қуат көзінің тапшылығы байқалып отыр. Әсіресе, елдің оңтүстік аймақтарында жыл өткен сайын анық сезілуде. Бұл түсінікті де. Себебі, оңтүстікте халық саны артып, экономикалық даму қарқын алған.
Мұндай жағдайда электр энергиясын тұтыну көрсеткіші өсе беретіні сөзсіз.
Энергетикалық бағыттағы бұл мәселе күрделенбей тұрғанда, дер кезінде оңтайлы шешім қабылдануы керектігі айтпаса да түсінікті.
Мамандар, қазір атом энергиясының өте тиімділігін алға тартуда. Себебі, күн мен желден қуат алу табиғаттың құбылысына тікелей байланысты. Ауа-райы бұлтты немесе тынық болса, еш нәтиже болмайды.
Ал, АЭС сенімді және тұрақты түрде өндіре алады. Әрі таза энергия береді. Әрине, «атом» дегенде көкейде бірден күдікті сұрақ туындайтыны анық. Бірақ, станцияның құрылымы мен технологиясы уақыт ағымына сай жаңа үлгіге сай жобаланған және қауіпсіз екен.
Мамандардың айтуынша, бүгінде әлем елдері III және III+ буындағы реакторларға қызығады. Себебі, бұл реакторлар ондаған жылдар бойы жұмыс істейтін болады. Олардың орташа жұмыс уақыты 60 жылға есептелген. Дегенмен, уақытылы күтім жасау және ауыстыру арқылы пайдалану мерзімін бір ғасырға дейін ұзартуға болады екен.
Түптеп келгенде, энергия көзісіз күнделікті тіршілігімізді елестету де мүмкін емес. Қолымыздағы телефон, үйіміздегі тоңазытқыш, телевизор, т.б. тұрмыстық заттар және зауыттар мен кәсіпорындар, бизнес нысандары бәрі де қуатқа тәуелді.
Сондықтан болашақты болжап, елдің жағдайын ойлайтындар үшін АЭС салудың маңыздылығы зор деп ойлаймын. Бұдан қорқудың түгі жоқ. Себебі, әлемнің дамыған елдері де қазір атом энергетикасын жандандыруды қолға алып отыр.