«Ингушетия» интернет-басылымы Қызыл империяның қандықол саясатынан жоғалуға шақ қалған Кавказ ұлттарын бөтенсімей, бауырына басқан Қазақстанға алғыс айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Қоғамның сүт бетіне шыққан қаймақтары жаппай қудаланып, тұтас халықтың тағдыры тәлкекке түскенде, атақоныстан айырылып, барар жер, басар тау таусылғанда – Қазақстан бізді бауырына тартты. Кавказ ұлттарын сол бір зұлмат жылдардың тауқыметінен қазақ халқының қажыр-қайраты мен төзім-қуаты ғана аман сақтап қалды», – дейді ингуш басылымы.
Басылым қызыл қырғынның қазақ халқына да қырғидай тигенін еске салып, сол бір ақтаңдақ жылдардың әдетте қазақтілді кеңістікте ғана айтылатын ақиқатын оқырман назарына ұсынған екен.
Ингушетиядағы ақпараттық саясат Кремльдің сүзгісінен өтетінін ескерсек, мұны әлбетте батылдық деп санауға болады.
Айталық, мақала авторының айтуынша, 1920-30 жылғы аралықта НВКД 100 мыңға жуық адамды нысанаға алған. Қазақтың 22 мыңға тарта ұлттық интеллигенция өкілі репрессия құрбаны болған.
«Жүздеген, мыңдаған адам ұлтшылдықты ушықтырды, тыңшылықпен айналысты деп айыпталып, Сібірге айдалды. 1937-38 жылдары репрессияланған қазақ зиялылары «ұлтшыл-фашист» атанды. Ашаршылық жылдарының ақиқатын айтқан азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Қазақтарға әсіресе «жапон тыңшысы» деген жала жабылып, бұл «науқанды» НКВД жендеттері жүзеге асырды. «Қазақстанды КСРО құрамынан жырып алғысы келеді», «антисоветтік агитациямен айналысты» деген айыппен қаншама жазықсыз жанды ақталуға мұрша бермей, ату жазасына кесті. Ашаршылық қазақ халқының демографиялық потенциалын күйретіп кетті. Ұлттық интеллигенциядан айырылу ұрпақтың ұсақталуына әкеп соқты...», – дейді ингуш басылымы.
Басылым бұл ретте ашаршылыққа қатысты Кремль мойындай бермейтін мына бір деректі алға тартқан екен.
«Ашаршылық пен оның соңынан ілесе жүрген індеттің кесірінен қазақтар 2,5 млн-ға тарта адамынан айырылды. Бұл сол кездегі қазақ халқының 49 пайызы еді.
Жан сауғалап Қытайға қашуға мәжбүр болған қазақтардың енді бір тобын шекара маңында тосып алып, пулеметтен оқ жаудырды. Ашаршылық – бүтін бір ұлттың тағдыр арнасын өзгерткен трагедия. Бұл трагедияның ауқымы әлі күнге әділ бағаланған жоқ», – дейді «Ингушетия».
Басылым бұл орайда Кремльдің күштеуімен Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болған ингуш, шешен, қарашай халқының тағдырына тоқталып, Қазақстандағы қандасы, қазір Ассамблея төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Юсуп Келиговті сөзге тартқан екен.
...
Басылым бертінге дейін еліміздегі «Вайнах» шешен-ингуш орталығын басқарған Келиговтен Қазақстандағы жерлестерінің қал-жағдайын сұрапты.
«Қазақстанға жетер жолда жүз мыңдаған ингуш аштан қырылып, сүйегі көмусіз қалды. Сталиннің саясаты бүтін бір ұлтты аш-жалаңаш шұбыртып жіберді. Атақоныстан айырылдық. Ертеңге үңілудің өзі қорқынышты еді.
Күштеп қоныстандыру бірнеше кезеңмен жүрді. Алдымен 1943 жылдың қазанында қарашайларды зорлап көшірді. 44 жылдың ақпанында 650 мыңға тарта ингуш-шешен Қазақстан мен Орта Азияға қоныс аударуға мәжбүр болды. Бұған қарсы болғандарды аяусыз жазалады», – дейді ол.
Келигов сол тұстары ингуштерден бетер қорлық көрген қазақ халқы қанша қиналса да адамдық келбетінен айырылмағанын, адами құндылықтарды жоғалтпағанын тілге тиек етеді.
«Алыстан арып-ашып жеткен шешен-ингуштарды қазақтар құтқарып қалды. Қазақтың пейілі мен мейірі болмағанда әрі қарайғы тағдырымыздың қалай құбылары белгісіз еді. Бәлкім, одан зорғы трагедияға ұшырар ма едік...
Әкемнің айтқан әңгімесі әлі есімде.
«Бізді қазақтың малта құрты құтқарып қалды. Бізді қарсы алған кезде шашу орнына ырымдап осы құртты шашқан еді. Алғашқыда ақ, сұр түсті тас па деп ойлап, мұны не істейді деп қайран қалғанбыз, кейін білдік ашыққан адамның өзегін талдырмайтын, шөлдеген жанға сусын болатын қасиеті бар тағам екен» деп отыратын. Сол кездерді еске түсіргенде көзіне жас үйірілуші еді», – дейді Келигов.
Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясының орынбасары боп отырған Келигов осынау ұйымның елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтаудағы орнын сөз етіпті. Оның пікірінше, Қазақстандағы өмір сүретін түрлі ұлт пен ұлысқа өз мәдениетін дамытуға мүмкіндік беріліп отыр. Кеңестік кезеңдегі қудалау кейінгі ұрпақтың жадынан көмескіленіп, жаңа буын қалыптасуда.
«Қазақ халқы құтқарып қалмағанда, тоталитаризм қамытынан тірі қалуымыз неғайбыл еді. Бұл ел біздің екінші үйіміз. Үрім-бұтағымызды өсіп-өрбітіп, дәстүріміз бен мәдениетімізді сақтап қалуға септескен қазақ халқына алғысымыз шексіз», – дейді ол.
Жыл сайын 31 мамырда қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке, АЛЖИР-дегі мемориалды кешеннің басына баратын Келигов қазақ халқының қандай трагедияны бастан өткергенін жан-тәнімен сезінетінін айтады.
«Осы ескерткішке таңбаланған суреттерге қарап-ақ, ұлттық интеллигенциясынан түгелдей айырылған, халқының тең жартысы аштықтан қырылған қазақ халқының қандай қырғынға ұшырағанын түсінесің.
Елдің ертеңі үшін күрескен саяси-қоғами элитасы толық талқандалған қазақтай халықтың, шынымен де, «мың өліп, мың тірілгеніне» куә боласың. Иә, уақыт бір орында тұрмайды. Құндылықтар, көзқарастар өзгереді. Бірақ өткенді ұмытпауға тиіспіз...», – дейді Келигов.
Әзірлеген Думан БЫҚАЙ