Қазақстанның бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі, Аслан Мусин отбасына қатысы бар компания Вена қаласынан құны шамамен 4,5 миллион еуро болатын элиталық пәтер сатып алған. Мәліметке сәйкес, бұл мәміле өткен жылы қаладағы Нойбау ауданындағы ең қымбат жылжымайтын мүлік саудасының бірі деп танылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Нойбау – Австрия астанасының беделді әрі тарихи аудандарының бірі, деп жазады "Выход к морю" телеграм арнасы. Бұл жерден Вена операсы, Карлскирхе және қалалық ратушаға дейін жаяу 15 минутта жетуге болады. Сондай-ақ мұнда музей кварталы мен танымал жаяу жүргіншілер көшелері орналасқан.
Дәл осы аудандағы тарихи ғимараттардың бірінде Мусиндер отбасының апартаменті орналасқан. Аумағы 413 шаршы метр болатын пәтер 2024 жылы шамамен 4,5 миллион еуроға (сол кездегі бағаммен 2,3 млрд теңге) рәсімделген.
Жылжымайтын мүлік Австрияда тіркелген Bazantner GmbH компаниясының атына жазылған. Қаржылық есептерге қарағанда, Mondscheingasse көшесіндегі бұл пәтер – компанияның әзірге жалғыз активі.
Компанияны Сергей Кушенов басқарады. Ол Мусиндер отбасының шетелдегі жобаларындағы бұрыннан келе жатқан серіктесі ретінде аталады. Ал компания құрылымы арқылы Болгариядағы делдал ұйым және Рас-эль-Хайма аумағында тіркелген қорға байланыстырылған.
Материалда бұл құрылымдардың Сауранбек Мусин және оның туысы Ануарбекпен байланысы бар екені айтылған. Олар Латвия мен Болгариядағы негізгі активтерді де басқарады делінеді.
Латвиядағы ірі активтер
Мусиндер отбасы Латвия аумағында да қомақты мүлікке ие. Мәліметке сәйкес, олар 5,6 миллион еуроға елдегі танымал тұрмыстық техника сататын ритейлерлердің бірін сатып алған. Сонымен қатар тұрғын үй нысандары да бар.
Сарапшылардың бағалауынша, отбасының Латвиядағы активтері 20 миллион еуродан асады.
Болгариядағы ауқымды жоба
Отбасының негізгі бизнес мүддесі Болгария аумағында шоғырланғаны айтылған. Ел астанасы София қаласында олар бірнеше жылдан бері 200 миллион еуродан асатын тұрғын және коммерциялық құрылыс жобасын жүзеге асырып жатыр.
Жоба аясында 95 мың шаршы метр кеңсе алаңы, 60 мың шаршы метр тұрғын үй, мектептер, екі спорт кешені және 4,5 мың автотұрақ орны қарастырылған.
Құрылыс жобасын жүргізетін София парк компаниясы Сауранбек Мусиннің бақылауында екені көрсетілген. 2024 жылғы есепке сәйкес, компания активтері 68 миллион еуроға бағаланған.
Материалда Аслан Мусиннің жұбайы Гүлбану Үкетайқызы мен ұлы Сауранбек Болгарияның «алтын азаматтығын» алғаны айтылған. Олар жергілікті және Еуропарламент сайлауларына қатысады делінеді.
Ал Аслан Мусиннің өзі 2020 жылы Черногория елінің құрметті азаматы атанған. Алайда кейін бұл ел билігі берілген құрметті азаматтықтарды тексеруді бастаған.
Сондай-ақ Болгария Шенген аймағына кіргеннен кейін жаңа азаматтардың қаржы көздері мен натурализация негіздерін тексеру күшеюі мүмкін екені айтылған. Авторлар осы жағдайға байланысты Мусиндер отбасы активтерін Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қорға рәсімдеген болуы ықтимал деген болжам келтіреді.
