Шымкентте автоблогер Руслан Жанпейісов ұсталды

Көркем Алдабергенова 23 сәу. 2026 09:42

Шымкентте жергілікті автоблогер Руслан Жанпейісов ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде журналист Михаил Козачков хабарлады, деп жазады Dalanews.kz.

Журналистің мәліметінше, Жанпейісов кеше, 22 сәуірде кешке ұсталып, түнді Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінде өткізген. Бүгін ол әкімшілік іс аясында сот алдына жеткізілуі мүмкін.

Оған Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 667-бабы бойынша айып тағылып отыр. Бұл бап құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау дерегіне қатысты.

Оқиға Шымкентте жол қауіпсіздігіне байланысты рейд кезінде болған. Қалаға өзге өңірлерден келген полиция қызметкерлері жолдағы құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстарын жүргізген.

Дереккөз мәліметінше, Қарағандыдан келген полиция қызметкерлерінің жұмысына Руслан Жанпеисов араласып, олардың әрекетіне ескерту жасаған. Сонымен қатар оқиға орнына патруль шақырып, түсірілген видеоларды интернетке жариялаған.

Осыдан кейін полиция оған хаттама толтырып, кейін ұстап әкеткен. Егер кінәсі дәлелденсе, автоблогерге 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қолданылуы мүмкін.

Еске салсақ, 2020 жылы Руслан Жанпейісов денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру және билік өкілін қорлау ісі бойынша бір жылға бас бостандығынан айырылған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove