Қостанай облысында қылмысқа қатысы бар бірнеше полиция қызметкері ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Tobol Info мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 17 наурызда Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі облыстық полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп жүргізген жедел шара барысында Рудный қалалық криминалдық полиция бөлімінің үш қызметкері қолға түскен.
Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу шешімі қабылданды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.
Тергеу мәліметінше, іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігі "адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, ірі мөлшерде немесе бірнеше рет бопсалау жолымен пара алу" фактісі бойынша қозғалған.
Бұл баптың санкциясына сәйкес, кінәлі деп танылған жағдайда айыппұл салу немесе 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, сондай-ақ мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды өмір бойы атқару құқығынан айыру қарастырылған.
