Мамырда "Дружба" мұнай құбыры арқылы Германиядағы Шведт зауытына бағытталған қазақстандық мұнай транзиті толық тоқтауы мүмкін. Осыған байланысты мұнайды қалай қайта бөлуге болады және оның экономикаға әсері қандай деген сұрақ туындайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Qazaq Expert Club ұйымының көлік логистика саласындағы сарапшысы Айнұр Дивееваның айтуынша, Атырау - Самара бағыты арқылы "Дружба" жүйесіне шығатын маршрут Еуропаға мұнай жеткізудің тиімді әрі қалыптасқан тізбегі саналады. Оның үзілуі логистикалық тепе-теңдікті бұзып, жеткізу жүйесінің тұрақтылығына әсер етеді.
Қысқа мерзімде нарық мұнайды қайта бағыттау арқылы бейімделеді. Сарапшының сөзінше, белгілі бір көлем Каспий арқылы Транскаспий бағытына жіберілуі мүмкін. Алайда бұл бағыттар қымбат әрі күрделі болғандықтан, солтүстік бағытты толық әрі жедел алмастыру қиын.
Сонымен қатар, кейінгі жылдары Қазақстан мұнай экспортын әртараптандырып, балама бағыттарды дамытты. Бұл жағдай жүйеге осындай іркілістерде бейімделуге мүмкіндік береді және жалпы экспорт көлеміне айтарлықтай әсер етпейді.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина да мәселе қысқа мерзімге әсер ететінін айтты. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Атырау - Самара бағыты арқылы жылына шамамен 3 млн тонна мұнай тасымалданады, бұл жалпы экспорттың 3,7 пайызына тең.
2025 жылы нақты жеткізілім көлемі 2,1 млн тонна немесе шамамен 2,6 пайыз болған. Демек, бұл көрсеткіш бүкіл экономика ауқымында аса үлкен үлеске ие емес, сондықтан бірден макроэкономикалық соққы келмейді.
Сарапшылардың пікірінше, негізгі мәселе көлемде емес, логистикалық және транзиттік қауіп артуында. Бұл экспорттаушылар үшін қауіпті күшейтіп, шығынды арттырады.