Астанада Арал мәселесіне арналған саммит өтті: бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды

Самал Асқар 22 сәу. 2026 20:24

Астанада Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды, деп хабарлайды Dala News.

Жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Арал өңіріндегі экологиялық ахуал мен су қауіпсіздігі мәселелеріне кеңінен тоқталды.

«Бұл кездесу өңірдің тұрақты дамуына деген ұстанымымызды, экологиялық күн тәртібін бірлесіп ілгерілетуге деген ниетімізді айқын көрсетеді. Бүгін біз Қордың даму перспективаларын талқылап, Арал теңізі бассейнінің экожүйесін сақтауға бағытталған ортақ шешімдерді айқындаймыз. Бұл – халықаралық ауқымдағы мәселе, сондықтан біздің жұмысымызға көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар назар аударып отыр. Аралды құтқару тақырыбы ұзақ жылдар бойы өңірде де, әлемде де өзекті болып келеді. Өңірдің тұрақтылығы мен өркендеуі – бәрімізге ортақ әрі қолжетімді мақсат. Бұл кездесу ынтымақтастықты нығайтып, нақты нәтижелер береді деп сенемін», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қорының маңыздылығына тоқталды.

«Қор Арал теңізін сақтауға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруда және халықаралық қолдауды біріктіруде маңызды рөл атқарады. Қазақстанның төрағалығы кезеңінде су-энергетика саласындағы ынтымақтастық күшейтілді, жобаларды қаржыландыру тетіктері кеңейтілді, Қордың Атқарушы комитетінің үйлестіруші рөлі артты. БҰҰ құрылымдарымен, қаржы институттарымен және донорлармен өзара іс-қимыл нығайды. 30-дан астам өңірлік жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың жалпы қаржыландыру көлемі 2 миллиард доллардан асады», – деді Тоқаев.

Президент Солтүстік Аралды қалпына келтіру нәтижелеріне де тоқталды.

«Теңіздегі су көлемінің 18,9-дан 23,5 текше шақырымға дейін артуы балық шаруашылығы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер етті. “Арал” геопаркі құрылды. Қазір оны ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер желісіне енгізу жұмыстары жүргізілуде», – деді ол.

Сонымен қатар Президент экологиялық жағдайдың күрделене түскенін атап өтті.

«Арал бассейніндегі экологиялық жағдай алаңдаушылық туғызады. Соңғы жылдары климат айтарлықтай өзгерді: жазда температура орта есеппен 2–2,5 градусқа артты, құрғақшылық күшейді, ал қыста керісінше суық күшейді. 100 шақырым радиуста жауын-шашын айтарлықтай азайды. Шаңды дауылдардың жиілігі мен ауқымы артып келеді. Аралқұм шөлінен жыл сайын атмосфераға ондаған миллион тонна тұз, құм және химиялық заттар көтеріледі. Олар әлемнің ең алыс аймақтарына дейін жетіп, топыраққа, экожүйелерге және адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізеді», – деді Мемлекет басшысы.

Ол мұздықтардың еруі мәселесіне де назар аударды.

«Мұздықтардың қысқаруы бүкіл өңірдің су қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді. Су тұтыну деңгейі өсіп келеді. Су ресурстарының 80 пайыздан астамы ауыл шаруашылығында пайдаланылады, ал суару жүйелеріндегі шығын әлі де жоғары», – деді Тоқаев.

Президент өңір елдерін бірлесіп әрекет етуге шақырды.

«Бұл мәселе ұлттық немесе тактикалық деңгейдегі емес, әлемдік маңызы бар стратегиялық міндет. Сондықтан Қордың жұмысын жаңғыртып, практикалық қадамдарға көшу қажет. Қорды су, экология және тұрақты даму мәселелерін шешетін негізгі өңірлік алаң ретінде күшейту керек», – деді ол.

Сондай-ақ ол су саясатын үйлестіру қажеттігін айтты.

«Су саясаты мәселесінде ұлттық мүдделер басым болып, өңірлік ынтымақтастық екінші орынға ысырылып қалды. Бұл су-энергетикалық теңгерімсіздікке алып келуде. Сондықтан су стратегияларын үйлестіру және трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану маңызды», – деді Президент.

Тоқаев БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын да қайталады.

«Халықаралық су ұйымын құру – уақыт талабы. Бұл құрылым су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаһандық күш-жігерді біріктіруге мүмкіндік береді. Біз бұл бастаманы бірлесіп ұсынуымыз керек», – деді ол.

Сөз соңында Президент су мәселесінің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Өңірдің болашағы өзімізге байланысты. Егер су болмаса, Орталық Азия мемлекеттері де болмайды. Су болса – өмір бар. Бұл мәселені бәріміз түсінеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саммит қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

  • Халықаралық Аралды құтқару қорына Қазақстан Республикасының төрағалық ету барысы туралы шешім;
  • 26 наурызды Арал теңізінің, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күні деп жариялау туралы шешім;
  • Халықаралық Аралды құтқару қорының Президентін сайлау туралы шешім;
  • Құрылтайшы мемлекеттер басшыларының Астана мәлімдемесі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove