Маңғыстау облысының шаруалары биліктен табиғи апат салдарынан қырылған мал үшін өтемақы төлеуді және өлекселерді жою жұмыстарын ұйымдастыруды талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz lada.kz-ке сілтеп.
Олардың айтуынша, Қарақия ауданында нөсер жауын салдарынан жер лайланып, батпаққа айналған. Соның кесірінен мал жаппай қырылған.
Аудан әкімдігі 20-21 сәуір аралығындағы нақты деректі ұсынды.
- 20 сәуірде 237 бас мал өлген: 108 жылқы, 5 тай, 10 құлын, 2 түйе, 5 бота, 107 қой-ешкі.
- 21 сәуірде 316 бас мал шығынға ұшыраған: 134 жылқы, 9 тай, 19 құлын, 154 қой-ешкі.
Осылайша, екі күн ішінде барлығы 553 бас мал қырылған.
Облыс әкімдігі өкілдері қазір Қарақия ауданында жер шайылып, батпақтануына байланысты арнайы техника тартылып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, мал басы есепке алынып, тиісті актілер рәсімделіп жатыр. Жануарлар чип арқылы сәйкестендірілгеннен кейін ветеринарлық қызметпен бірлесіп, өлекселерді арнайы техникамен жою жұмыстары басталады.
Ал шығынды өтеу мәселесі қолданыстағы заңнама аясында қаралатыны айтылды.