«Центр плова Loft» кафесіндегі жарылыс фактісі бойынша тергеу әлі жүріп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақмола облысының прокуратурасы Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» кафесінде абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр.
20 сәуірде арнайы прокурорлар автомобиль газ құю станциясының директорын, сондай-ақ газ баллондарды жеткізушіні ұстады. Олар баллондарды толтыру және жеткізу бойынша қызметтер көрсету кезінде заңнама талаптарын бұзды деген күдікке ілінген.
Күдіктілердің әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306 - бабының 3-бөлігі бойынша (абайсызда екіден көп адамның ауыр зардаптары мен өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету) сараланды. Аталған бап санкциясы 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Күдіктілердің біріне қатысты соттың санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, екіншісіне - үй қамағы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды. ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мән-жайлар жария етуге жатпайды.
Еске салайық, қайғылы оқиға 27 ақпанда болды. Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге тіркелген бір қабатты дәмханада газ ауа қоспасы жарылып, өрт шықты. Салдарынан 11 адам қаза тауып, бірнеше адам зардап шекті.
Жарылыстан қаза тапқандардың отбасына 2 млн теңгеден беріледі.
Сонымен қатар, қаза тапқандардың отбасыларының несиесі өтеледі. Ал 2 наурызда дәмхана иесі ұсталған.
