Астанада университет жатақханасының коменданты студенттер мен қызметкерлерден заңсыз ақша жинап, шетелдік азаматтарға уақытша тіркеу рәсімдегені үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Б.-ға қатысты айыптау үкімін 25 қыркүйекте жариялады.
Сот анықтағандай, сотталушы университеттердің бірінде жатақхана коменданты болып жұмыс істеп, бес жыл бойы студенттер мен қызметкерлерден ай сайын 14 300 теңгеден жинап отырған. Ол бұл қаражатты университет басшылығының тапсырмасы бойынша жинап жатқанын айтқан. Алайда сот оның мұндай ақша жинауға заңды негізі болмағанын анықтады.
Осы әрекет салдарынан университетке 3 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Келтірілген шығын өтелмеген.
Сонымен қатар комендант университет құжаттарын қолдан жасап, шетелдік азаматтарға уақытша тұруға тіркеу рәсімдеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына тиісті өтініштер жіберген.
Сот мәліметінше, 2024 жылғы 16 қыркүйек пен 2025 жылғы 13 ақпан аралығында университет жатақханасында 57 шетелдік азамат тіркелген. Сотталушы олардың әрқайсысын тіркегені үшін 40 мың теңгеден алған.
Сотта оның кінәсі жәбірленуші өкілінің және куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген.
Сотталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған.
Сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығын, олардың мән-жайы мен ауырлығын және келтірілген залалдың өтелмегенін ескере отырып, Б.-ға 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар ол ұйымдық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларды жүзеге асыруға байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға айырылды.
Сот жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде оның кәмелетке толмаған баласы барын және бұрын сотталмағанын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Жәбірленушінің азаматтық талап-арызы қанағаттандырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.