Кәмелетке толмаған спортшыға қатысты дау: Қазақстандық жаттықтырушы Үндістанда іздеуде

Кәмелетке толмаған спортшыға қатысты дау: Қазақстандық жаттықтырушы Үндістанда іздеуде
instagram.com/kcfkz

Қазақстандық жаттықтырушы Максат Аязбаев Үндістанда кәмелетке толмаған спортшыға қатысты қылмыстық іс бойынша іздеуге жарияланды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оған консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үндістанның Times of India басылымының мәліметінше, 34 жастағы Максат Аязбаев Үндістанның велоспорт құрамасымен жұмыс істеген. Ол Патиала қаласындағы Ұлттық жоғары шеберлік орталығында кәмелетке толмаған спортшыға қатысты болжамды қылмыс бойынша POCSO заңына сәйкес тергеліп жатқан іске қатысы бар тұлға ретінде аталған.

Патиала полициясы Аязбаевты іздеуге жариялаған. Полицияның аға суперинтендентінің айтуынша, арыз түскеннен кейін оның қайда екені белгісіз болған. Құқық қорғау органдары оның төлқұжатын тәркілеп, іздестіру үшін екі топ құрған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайдан хабардар екенін растады.

«Министрлік Үндістандағы Қазақстан Республикасының азаматына қатысты жағдайдан хабардар. Қазақстандық дипломаттар аталған азаматтың туыстарымен байланыста. Оған консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. Министрлік бұл мәселені бақылауында ұстап отыр», – деп хабарлады СІМ.

Қазақстан велоспорт федерациясы да Аязбаевтың соңғы жылдары Қазақстаннан тыс жерде Үндістан тарапымен жасалған келісімшарт бойынша жұмыс істегенін растады. Ол Үндістанның ұлттық құрамасын даярлаумен айналысқан.

Федерация маманның қазіргі уақытта Қазақстан ұлттық құрамасына қатысы жоқ екенін атап өтті.

Ұйымның мәліметінше, Үндістанның құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр, ал Үндістан велоспорт федерациясы тергеу аяқталғанға дейін жаттықтырушының қызметін тоқтатқан.

Федерация істің барлық мән-жайы анықталып, тергеу аяқталғанға дейін алдын ала қорытынды жасамауға шақырды. Ұйым адамның кінәсі тек заңда белгіленген тәртіппен дәлелденген жағдайда ғана анықталатынын атап өтті.