"Дикий Арман" Қаңтарда Самат Әбіштің қандай бұйрығын орындаған?

Көркем Алдабергенова 08 ақп. 2024 15:35 52387

Қаңтар оқиғасынан кейін жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыпталған полковник Руслан Ысқақов «Новая Газетаға» шын мәнінде не болғанын айтты. Ол Дикий Арман шын мәнінде Самат Әбіштің бұйрығын орындағанына сенімді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Руслан Ысқақов қаңтар оқиғасына байланысты өткен сот отырыстарының бірінде ол Самат Әбіштің бұйрығын орындағанын айтқан болатын.  Әбіштің бұйрығымен Ысқақов Арман Жұмагелдиев – Дикий Арманды бұл іске тартқан көрінеді. Жұмагелдиев қылмыс әлемне қатысы бар және Назарбаевтар әйулетінің тапсырмасын орындаушы ретінде белгілі.

Руслан Ысқақов билікке және БАҚ өкілдеріне ашық хат жазған. Хатында ол «шын мәнінде митингті 2019 жылы елді басқарған президентпен есеп беріп, өз іс-әрекеттерін үйлестіретін үкімет пен тиісті министрлік тудырды» дейді.

«Мемлекеттік комиссия отырысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Ерғожин газ бағасын бастапқы бағаға дейін төмендетуді ұсынса, билік өкілдері оны қолдамады, себебі бұл арқылы мемлекет өзінің әлсіздігін көрсетеді деп түсіндірді», - дейді Ысқақов.

Осылайша елде хаос басталған. Сол кездегі орталық аппаратты жедел басқару Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары болған Самат Әбішке жүктелген. Руслан Ысқақовтың сөзінше, 2022 жылы 5 қаңтарда Самат Әбіш «Арман Жұмагелдиевтің көмегіне жүгіну керек» деп бұйрық берген екен. Самат Әбіш Дикий Арманнан Алматы әкімдігінде қалып қойған полицейлерді құтқарып, Республика алаңындағы жағдайды бақылауға алуды сұраған көрінеді.

«Менің өтінішім бойынша және Самат Әбіштің бұйрығын орындау үшін Жұмагелдиев Республика алаңына шығып, көшеге шыққандардың бір бөлігін алып кетті. Ол қолынан келгеннің бәрін жасады, бірақ зардабы өзіне де тиді: Арманға қан төгіс болғанын қалайтындар шабуыл жасады. Енді мен Әбіштің бұйрығын сол кездегі жағдайға қарап, орынды әрі заңды болды деп есептеймін. Бұйрықты орындау қажеттігіне күмәнім болған жоқ», - дейді Ысқақов.

Сонымен қатар, Ысқақов Әбіш бұйрығын жоғары жақпен келісіп беріп отыр деп ойлағанын айтады.  

Қалада хаос болып жатқан кезде  Алматы прокуроры Берік Жүйріктаев ата-анасының үйіне Жұмагелдиевтің жігіттерін жіберуді сұраған екен. Руслан Ысқақов Дикий Арманға өтініш жасап, жігіттерін жібереді. Артынша Жүйріктаев Арман Жұмагелдиевті ауруханаларды күзетуге заңсыз жалдаған деп айыптап, Ысқақовты қамауға алуға рұқсат берген екен.

Руслан Ысқақовтың сөзінше, «абсурд» мұнымен бітпеген.

«ІІМ экс министрі Ерлан Тұрғымбаев шынайы фактілерді бұрмалап, өз жауапкершілігінен жалтарып, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушы ретінде Арман Жұмагелдиевті көрсетті. Бұл ойға қонымсыз және мүмкін емес нәрсе: ол Қазақстанға 2021 жылдың 17 желтоқсанында қызының денсаулық жағдайына байланысты ғана келсе, ол нені, қалай ұйымдастырып үлгереді? Одан бөлек, 2017-2021 жылдары Қазақстанға әр келгенін ІІМ-мен мақұлдап отыратын. Соңғы келгенін де Жұмагелдиев Тұрғымбаевпен мақұлдап, оған дәлел ретінде 2021 жылы 17 желтоқсанда сөйлескендерін көрсетуге болады», - дейді полковник Руслан Ысқақов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар