Роботтар спортшылардың орнын баса ала ма — сарапшы жауап берді

Қаракөз Амантай 23 сәу. 2026 09:24

Жуырда Бейжіңде өткен ерекше жарыс көпшіліктің назарын аударды. Honor Lightning атты робот жартылай марафон қашықтығын 50 минут 26 секундта бағындырды. Бұл нәтиже адамзаттың әлемдік рекордынан шамамен 7 минутқа жылдам.

Аталған оқидан кейін көпшілік арасында "роботтар спортта адамды алмастыра ала ма?" деген сауал туындады. Алайда сарапшылар бұған біржақты баға беруге болмайтынын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа бәсеке емес, жаңа бағыт

Спорт саласының маманы, Qazaq Expert Club сарапшысы Евгений Азарьев бұл құбылысты адам мен машина арасындағы тікелей бәсеке деп қарастыру қате екенін айтады.

"Бұл – жаңа санаттың, яғни технологиялық спорттың пайда болуы. Адамның да, роботтың да мүмкіндіктері мен шектеулері әртүрлі – оларды бір өлшеммен салыстыру орынсыз", – дейді сарапшы.

Бір жылдағы серпіліс

Сарапшының сөзінше, басты назар аударатын нәрсе – нәтижеден бұрын, технологияның даму қарқыны.

Бір жыл бұрын, яғни 2025 жылы, мұндай роботтар дәл осы қашықты 2 сағат 40 минутта әрең еңсерген. Ал бүгінде бұл уақыт үш есе қысқарған.

"Бұл – технологиялардың жай тәжірибелік кезеңнен шығып, нақты қолдануға болатын деңгейге жеткенін көрсетеді. Яғни, жекелеген жетістік емес, тұтас бір жаңа индустрия қалыптасып келеді", - деп түсіндірді Азарьев.

Роботтардың артықшылығы неде?

Сарапшы роботтардың артықшылығына да тоқталды. Оның сөзінше, адам ағзасы шаршау, қызып кету және физиологиялық шектеулерге тәуелді. Ал роботтарда мұндай кедергілер жоқ.

"Салқындату жүйелері мен тұрақты механикасының арқасында олар адамға қолжетімсіз қарқынды ұстап тұра алады. Бұл – олардың басты артықшылығы", – дейді ол.

Жаппай технология

Сондай-ақ бұл құбылыстың ауқымы да маңызды. Аталған жарысқа 100-ден астам робот қатысқан. Соның шамамен 40 пайызы толық автономды режимде әрекет еткен.

"Бұл бір жыл бұрынғыдай сирек кездесетін прототиптер емес, керісінше жаппай қолдануға дайын технология екенін аңғартады", - деп қосты сарапшы.

Ғаламдық бәсеке және жаңа индустрия

Сарапшы бұл үрдіс тек спортпен шектелмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл жағдай жаһандық технологиялық тепе-теңдіктің өзгеріп жатқанын да көрсетеді.

"Қытайлық компаниялар демонстрациялық жобалардан гөрі жүйелі инженерлік әзірлемелерге басымдық беріп отыр. Соның нәтижесінде олар технологияларды тезірек дамытып, жаңа бағыттарды қалыптастыруда алға шығып келеді. Адам мен робот енді қарсылас емес, әртүрлі алаңда өнер көрсететін екі бөлек әлем", - деп қорытындылады ол. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove