«Жүре берсең, көре бересің, көре берсең, көне бересің» деген мақал дәл бүгінгі қоғамға қатысты айтылған сыңайлы. Бір сөзге келмей, кикілжіңге барып, жүз көрместей жауласатын болдық. Ұсақ-түйекке бола ашуланып, төбелесуге дейін барамыз. Ұят, сабыр, ар, адамгершілік дейтін асыл құндылықтар жайлы айтқанда тәтті сөйлейміз. «Білмегенді кешірмесең, білгендігің қайда?» – деп қоямыз. Ұлы ұғымның қасиетін қашырып, қадірін сезінбей келеміз-ау.
Оқиғаға оралып, «қиын кісі» жайын сөз етсек. Бұрын бір кісімен (есім-сойын айту маңызды емес шығар) қызметтес болдым. Өзі әскери адам. Полковник деген шені бар. Бойында қаны қызып тұрады. Шал болса да шаршауды білмейді. Коммунистік идеологияның әлі күнге дейін тамыры үзілмеген «өнімі». Әскери адаммен тіл табыса кету де оңай емес екен. Біздің арамыздағы келіспеушілік, пікірталас, дау-дамай діннен бастау алды. Ол: «Құдай жоқ», – дейді. Мен: «Бар», – деймін. Ал енді кеп бір-біріміздің пікірімізді жоққа шығарып, өз сөзімізді дәлелдеп, кешке дейін қызыл кеңірдек болып жатқанымыз...
Бір қызық әңгіме бар. Аспаннан тас жауады десе, бір қазақ қыңқ етпесе керек. Туысқаны: «Ау, төбеңді тас тескелі тұр, қам-қарекет жасамайсың ба?» – деп шыр-пыр болса, әлгі кісі бүлк етпестен: «Әуелі жаусын, сосын көре жатармыз», – деген екен. Сол секілді, біздің де ағамыз: «О дүниеге кім барып келіпті дейсің, барып жатсақ, көре жатармыз», – деушілердің сапында. Сонымен біз бір-бірімізге әжептеуір «сынақ» болдық. Құдды плюс-минустай. Жақындай кетсек, шарт-шұрт ете қаламыз. Дауыс көтеріп сөйлегенде зәрең ұшады. Күндердің күнінде менің пікірімді қолдамаған ол өзіме «шабуыл» жасай бастады. Мамандығым – журналист екенімді біле тұра мені молда деп таниды. Молдаларға жөн-жосықсыз тіл тигізіп те алады. Сонымен пікірінен қайтпайтынын сездік. Сөз жарыстыру пайда бермейтінін білдік. Енді не істемек керек? Міне, бұл үлкен мәселе. Қонаққа шақырсақ. Дәм-тұзымыз жарасқанмен, сөзіміз жараспайды. Сыртынан тілеуін тілесек, дұға етсек. Сонда да бойынан өзгерістер байқала қоймады. Жүрегіне қалай жол табуға болады? Осы сұрақ мазалады. Әскерилердің жүрегін жібіту үлкен ыждаһаттылықты талап ететінін аңғардық. Бізді жақтырмаса мейлі-ау, Ислам діні туралы көзқарасы жағымсыз сипат ала бастады. Біздің қате-кемшіліктеріміз арқылы асыл дінімізге баға беріп (өз түсінігі бойынша), өзіндік пікірі қалыптасқанын байқадық. «Құдай жоқ» деп ұрандатқан ағамыздың жүрек кілтін таба алмай әлек боп жүргенде ол 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесінде әскери киімімен жұмысқа келді. Кеудесі толған төсбелгі. Баяғыдай әңгімелесе кеттік. Сөз арасында төсбелгі мен шетелдің темір ақшасын, яғни тиынын жинау хоббиі екенін айтып қалды. Төсбелгі мен тиын сыйлаған достары туралы әңгімесін айта жөнелді.
Сонымен біз де қулыққа басып, оның сүйікті ісімен айналысуға бел будық. Жуырда сәті түсіп Мысыр еліне сапармен барғанда әлгі ағамызға арнайы бес-алты тиынды сақтап қойдым. Алматыға келгенде апарып, қолына ұстаттым. Ол кісінің балаша қуанғанын көрсеңіз... Бұрынғы көзқарасы, пікірі 180 градусқа өзгерді. Мақтай жөнелді. Ілгеріде айтқан балағат, ғайбат сөздері үшін кешірім сұрап та үлгерді. Қуанғанынан өзін қоярға жер таппай кетті. Өзгелерге біз жайлы жылы пікірін айтып, «мазасын» алды.
Мысырдың бір дирхамы оның жүрегін жаулауға жеткілікті болды. Әр есікті өз кілтімен ғана ашуға болатыны секілді, адам жүрегін жаулаудың өз тәсілі, өз жолы болады екен. Жүрек кілті табылса, адам көңілін, назарын аудару қиын емес. Ол кісінің көзқарасын өзгертуге қаншама күш-жігер жұмсалды һәм жүйке жұқарды. Сөйтіп жүргенде мәселе бір дирхаммен шешілді. «Қалауын тапса, қар жанады» деген осы-ау.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ