Үздік эдвайзерлер анықталды

Dalanews 21 сәу. 2015 23:45 90

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Биылғы жыл еліміз үшін мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз» деген болатын. Бүгінгі Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде эдвайзерлер байқауы мәресіне жетті.

 

Биыл үшінші рет ұйымдастырылған байқауға институттық турдан үздік деп танылған жеті эдвайзер қатысты. Айтулы шарада ҚазҰТУ-дің Тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Гүлнәр Сәрсенбекова, Ә. Машани атындағы Базалық білім беру институтының директоры Рәт Бердібаев және Ішкі аудит департаменті директорының орынбасары Гүлнара Мықтыбаевалар қазылық жасағанын айта кетуіміз керек.

Эдвайзерлер жұмысын қолдау, тәжірибе алмасу және оларды ынталандыру мақсатында өткізілген бұл шарада үздіктерді анықтау оңай болған жоқ. Кез келген эдвайзер жан-жақты білімді, білікті, өнерлі болуы шарт. Эдвайзер – өз студенттерін тек білім, ғылымға ғана емес, сонымен қатар жан-жақты тұлға болып қалыптасуына күш салатыны белгілі. Сонымен, «Ең үздік эдвайзер – 2015» байқауының бас жүлдесі Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар институтының эдвайзері – Салтанат Нұралықызына бұйырды. Бірінші орынды Ә. Бүркітбаев атындағы Өнеркәсіптік инженерия институтының эдвайзері – Шолпан Қабыжанқызына бұйырса, екінші орынға Тау-кен металлургия институтының эдвайзері – Райса Құлмаханқызы қол жеткізді. Ал үшінші орынға Экономика және бизнес институтының эдвайзері – Жанар Сейілханқызы табан тіреді.

Университет ректорының қолдауымен, Ғылыми кеңестің шешіміне сәйкес жыл сайын «Ең үздік эдвайзер» байқауының жүлдегерлеріне оқытушы-профессорлар құрамына дифференциалдық үстем ақы беріліп отырады. Университеттің қызметкерлер кәсіподағы байқауға қолдау көрсетіп, бүгінгі финалдық сайысқа қатысқан барлық эдвайзерге жазғы маусымға университеттің Ыстықкөлде орналасқан «Самал» демалыс үйіне ынталандыру жолдамаларын берді.

Жұлдыз Бағашарова, ҚазҰТУ-дың баспасөз хатшысы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар