Жетісуды дамытуда ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу, өндірісті өркендету, туризм, цифрландыру бағыттарына басымдық беріледі. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Jetisy» телеарнасы студиясында облыстық БАҚ өкілдеріне берген кеңейтілген сұхбаты барысында айтты,- деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Журналистің өткен жылдың қорытындысы және алдағы жоспарлар туралы сұрағына жауап беру барысында облыс басшысы негізгі әлеуметтік экономикалық индикаторлар бойынша Жетісу облысы республикада өткен жылы 2-ші орынға ие болғанын атап өтті.
"Әлеуметтік экономикалық қысқа мерзімде индикатор 114,8 % құрады. Ал экономикалық өсім 9-10%-дың көлемінде болады күтілуде, оның қорытындылары алдағы наурыз айында шығады. Өткен жылы өндіріс көлемі 3,4%-ға, ауылшаруашылығы 3%-ға, сауда 1,2 есеге, құрылыс 1,5 есеге өсті, тұрғын үйді беру 15%-ға өсті. Облыс экономикасына инвестиция тарту 1,4 есеге ұлғайды, соның ішінде жеке инвестицияның көлемі 1,7 есеге өсті", - деген Б.Исабаев бұл облыс халқының ортақ еңбегінің жемісі екенін атап өтіп, өңір тұрғындарына алғысын білдірді.
Биылғы жылы да осы қарқынды жоғалтпай, белгіленген жоспарларға қол жеткізу межеленіп отыр. Осы орайда облыс әкімі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген негізгі 8 басымдыққа сәйкес өңірдің алдында тұрған басты міндеттерін санамалап берді.
Біріншіден, ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу өндірісін қарқынды жүргізіледі. Мәселен, облыста құс фабрикасын және жүгері өңдейтін зауыт салу туралы инвесторлармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы өңірде өндірілетін қант қызылшасы, жүгері, бидай, ет, сүт сияқты ауыл шаруашылығы тауарларының 65%-ы өзімізде өңделеді.
Екінші бағыт - өндірісті дамыту, лайықты жалақысы бар жаңа жұмыс орындарын ашу. Бұл орайда облыста бірнеше өндірістік жобалар жоспарланып отыр.
Үшіншісі – туризм саласы. Өңірдегі Алакөл, Балқаш көлдері, Жоңғар Алатауы – жалпы Жетісудың табиғаты туризмды дамытуға үлкен септігін тигізеді. Бұл ретте инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылуда.
Төртінші бағыт – цифрландыру аясында да экономиканың түрлі салаларында бірқатар жаңа жобалар жоспарланып, қолға алынуда.
Өз сөзінде Бейбіт Исабаев осы негізгі басымдықтармен қатар басқа салалар да назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
"Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында 8 негізгі бағыттарды атап көрсетіп, нақты тапсырмалар берді. Одан кейін біз іле-шала облыста облыстық әкімдіктің кеңейтілген мәжілісін өткіздік. Аталған міндеттерді орындау мақсатында ішкі мүмкіндіктерімізді саралап, нақты іс-шаралар жоспарын бекіттік. Міндетіміз айқын, межеміз белгілі. Енді сол бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз", - деді Б. Исабаев.