Азаптау мен қатыгездікке мүлде жол жоқ: Қазақстан бұл бағытта не істеп жатыр?

Асхат Қойшығараұлы 23 ақп. 2024 10:33 2872

Бүгінде Қазақстан полициясының құзіретінде 22 мың камера бар, сол арқылы құқық қорғау қызметкерлерінің қылмыстық істерді тергеу кезінде қалай әрекет ететінін бақылайды. Қазақстанда азаптауларға және адамдарға қатыгездік көрсетудің кез келген түріне мүлдем төзбеушілік тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де қолға алынған.

Қазақстанда азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігі құрылған

Сарапшылардың айтуынша, ең бастысы, біз азаптауға мүмкіндік беретін жүйені өзгертіп жатырмыз. Бұл бағыттағы шаруалар еуропалық елдердегідей, кейбір посткеңестік мемлекеттердегідей, мысалы, Грузия мен Балтық жағалауындағыдай жүзеге асуда.

Зорлық-зомбылық пен азаптауға тыйым салу адам құқықтары жөніндегі бірқатар халықаралық іргелі құжаттарға да, әлем елдерінің басым көпшілігінің ұлттық заңнамасына да енгізілген, танылған. Бұл жағынан Орталық Азия елдері де шет қалмақ емес. Еліміздің басты заңы Конституцияда азаптау мен қатыгездікке кез келген жағдайда және ешбір ерекшеліксіз тыйым салу қарастырылған.

Десе де адамдарды азаптау мен қатыгездікке төзбеушілікті барлық деңгейде жариялаумен қатар, тиімді профилактикалық-нормативтік құқықтық базаны әзірлеу қажет. Ал Қазақстанда заңсыз әрекеттердің алдын алу және жою бағытында белгілі қадамдар жасалуда.

– 2008 жылы Қазақстан Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазаларға қарсы халықаралық конвенцияны ратификациялады, бес жылдан кейін, 2013 жылы заңнамаға бірқатар түзетулер енгізілгеннен кейін республикада азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігі құрылды, – дейді Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.

Бұл тетік қазіргі уақытта омбудсмен институтының және азаматтық қоғам өкілдерінің қызметін үйлестіруді көздейтін «Омбудсмен+» моделі бойынша жұмыс істейді. Ұлттық алдын алу тетігі мүшелері – заңгерлер, құқық қорғаушылар, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, журналистер, психологтардан құралған – барлығы 136 адам.

Артур Ластаевтың сөзіне қарағанда, бұл мемлекеттік мекемеге үйлестіру кеңесі де (27 қатысушы) кіреді, оның мүшелері азаптауға ұшыраған адамдардың саны туралы ақпарат алуға, профилактикалық және жоспардан тыс тексерулер жүргізуге, жеке өзі, куәгерлерсіз, еркін әңгімелесуге құқылы. Сонымен қатар азаптауға ұшыраған адамдарды орналастыруға болатын объектілерді таңдап, барып, хабарламалар мен шағымдарды қабылдай алады.

 

Тұтқындардың азаптауға қатысты шағымы 7 есеге азайған

ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың мәліметінше, 2022 жылғы наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2023 жылдың қаңтарынан бастап азаптау істерін тек прокурорлар тергейтінін тапсырған болатын.

– Ыстамбұл хаттамасының қағидаттарына сәйкес азаптауды тергеу бойынша нұсқаулықтар мен әдістер әзірленді, былтырғы наурыз айында заңнамаға «қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас» түсінігі, осы қылмыстардың субъектілерінің аумағы енгізілді. Қылмыстық қудалау органдары мен түзеу мекемелері бейнебақылау камераларымен жабдықталуда, – деді бақылаушы органның жетекшісі.

Ол прокурорлардың қолда бар ресурстарға қосылып, онлайн бақылау жүргізетінін атап өтті. Қазақстан полициясында барлығы 22 мыңнан астам бейнекамера жұмыс істейді. Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, «көрінбейтін аумақтарды» жою жұмыстары жалғасуда.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде, 2023 жылы қазақстандық тұтқындар арасындағы азаптауларға қатысты шағымдар саны 7 есеге (36-дан 5-ке дейін) азайған. Сондай-ақ, қылмыстық істердің 94 пайызы электронды түрде тергелуде.

– Онда барлығы ашық және судьяға, прокурорға және адвокатқа көрінеді. Бұл қысым көрсету мен бұрмалаудың алғышарттары мен мүмкіндіктерін азайтады. Биыл біз азаптау туралы мәлімдемелер мен қылмыстық істер туралы ақпаратты автоматты түрде талдайтын жүйені іске қостық. Бұл бізге көптеген деректерді анықтауға ықпал етеді, –  деп қосты еліміздің Бас прокуроры.

Сондай-ақ рақымшылыққа, қылмыс мерзімінің өтуіне, белсенді түрде өкінуіне немесе тараптардың татуласуына байланысты азаптауды жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тыйым салулар Заңға енгізілді.

Сарапшылар Қазақстан азаптауларға қарсы күрес бойынша дәйекті жұмыс жүргізіп жатқанын және азаптаулар мен кез келген адамгершілікке жатпайтын әрекеттерге мүлдем төзбеушілік жариялағанын айтады. Бас прокуратура өкілдерінің дерегінше, ауқымды жұмыстар атқарылып, озық әлемдік тәжірибелер зерделенген.

Азаптауды болдырмау үшін елде көптеген нормаларды жүзеге асыруға жол ашатын бірқатар заңнамалық шаралар қабылданды.

–  2023 жылдың наурыз айында Қылмыстық кодекске «өзге де қатал адамгершілікке жатпайтын әрекеттер» түсінігі енгізілді, 146-бап қылмыссыздандырылды. Оған қоса, «қызмет бабында әрекет ететін адам» ұғымы қосылды. Осылайша біз адам құқықтары қағидаттарына адал екенімізді мәлімдейміз, заңнамамызда заңның үстемдігін жариялаймыз, –  деді ҚР Бас прокуратурасы арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров.

Сондай-ақ, ол Арнайы прокуратураның азаптау фактілері бойынша жұмыс істеу алгоритмін жасағанын айтты. Қазір бұл ведомство азаптау бойынша 220 қылмыстық істі тергеп жатыр. Әрбір қылмыстық іс бойынша құқық қорғау органдарының іс-әрекетіне түбегейлі баға беріледі, мұндай қылмысты жасауға ықпал еткен себептер мен шарттар нақтыланады.

–  Тергеу –  бұл жағдайлар мен себептерді анықтауға көмектесетін өте маңызды функция. Бірақ профилактикалық жұмыс та өте маңызды. «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 80-бабында қол астындағы қызметкерлері азаптауға жол берген басшылардың жауапкершілігі қарастырылған. Егер бұл тетік толық жұмыс істесе, біз азаптауды азайтамыз деп ойлаймын, –  деді ол.

Еуропа Кеңесінің Ынтымақтастық бағдарламаларын үйлестіру жөніндегі директоры Клаус Нойкирх азаптаулардың алдын алу жұмыстары өте маңызды деп есептейді. Демократияның міндеті – адам құқықтарын қорғау және барлық азаптау жағдайларын жазасыз қалдырмау. Бұған ЕО-ның негізгі құжаттарының бірі – Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенция да дәлел.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар