Ауылдарда бой көтеріп жатқан Мемлекеттік рәміздер алаңы халықтың  патриотизмін оятып, елдігімізді нығайтуда

Ақтоты Жапатова 28 нау. 2025 19:03 2304

Бүгінде еліміздің қай ауылына аяқ бассаң да, кешегі күннің тынысы мен ертеңгі күннің үмітін қатар сезесің. Ауыл – ұлттың жаны, ұрпақтың бесігі. Соңғы жылдары сол ауылдың ортасында бой көтеріп жатқан ерекше бір нысан барү Ол – Мемлекеттік рәміздер алаңы. Алғаш көргенде-ақ көзіңе шалынып, көңіліңе қуаныш ұялататын бұл алаң – Ту мен Елтаңба, Әнұран жазулы мәрмәр қабырғалар – бүгінде ауыл рухының көрінісіне айналып отыр.

Бұрын ауыл ортасында мүсін тұрса таңғалушы едік. Енді елдік белгі – Ту тігілген бағана мен рәміздер жазылған қабырға, оны айнала қоршаған гүлзар, көк майса, жарық шамдар мен тазалық – қазақтың елдік санасының жаңа бір деңгейге жеткенін көрсетеді. Бұл – жай ғана мүсін немесе саябақ емес. Бұл – елдің ең қасиетті ұғымдары – Тәуелсіздік, Ту, Отан, Ар-намыс ұғымдарының тасқа таңбаланған көрінісі.

Кей ауылдарда бұл алаңдар жергілікті әкімдіктің қолдауымен салынса, көпшілігінде бұл бастаманы қолдаған – сол ауылдың мектеп түлектері. Мектеп бітіргендеріне 20 немесе 30 жыл болған азаматтар туған ауылдарына бір белгі қалдырғысы келеді. Бұрын мұндай кезде көпшілік ауыл мешітін, көпірін, асханасын салып жатса, қазір осы рәміздер алаңына бет бұрған. Бұл – қазақтың елдік санасының жаңаруының, ұлттың болмысын жаңаша тануының көрінісі. Мешіт – рухани тірек болса, Мемлекеттік рәміздер алаңы – азаматтық сана мен Отанға адалдықтың жаршысы.

Ерекше атап өтерлігі – мұндай бастама әсіресе Түркістан облысында кең қанат жайып отыр. Әр аудан, әр ауыл бірінен бірі қалмай, өз орталықтарына Рәміздер алаңын орнатуда. Бұл тек бәсеке емес, бұл – елдік сана жарысы. Бұл – баланың көзі үйренсін, жүрегіне сіңсін, Туға қарап бой түзесін деген ата-ананың аманаты.

Ауыл ортасында Ту тігілген биік бағана, оның жанындағы мәрмәр тақтаға жазылған Әнұранның жолдары, төбесінде алтын күн астындағы қыран бейнесі бар Елтаңба – мұның бәрі ауыл баласы үшін кішігірім елорда секілді. Әр оқушы мектептен қайтып келе жатып, сол Туға көз салып өтеді. Әнұран сөзін жатқа білгені бір бөлек, сол әнді жүрекпен қабылдайтын ұрпақ өсіп келеді.

Ең әсерлі көрініс – рәміздер алаңын айналдыра егілген гүлзарларға оқушылар өздері су құйып, шелек арқалап тазалық жасап жүрген сәттер. Сол сәтте баланың бойында Туға деген құрметпен бірге еңбекке, тазалыққа, ұқыптылыққа деген дағды қалыптасады. Бұл – тәрбиенің ең жоғарғы деңгейі. Себебі патриотизм – ұранмен емес, әрекетпен тәрбиеленеді. Ал әрекет – күн сайын мектепке бара жатып, Тудың түбіндегі гүлге су құюдан басталады.

Бүгінде ауылдағы ағайын да бұл нысанға ерекше құрметпен қарайды. Тазалықты сақтайды, айналасына күл төкпейді, мал жібермейді. Өйткені бұл – рәміздер тұрған жер. Бұл – қасиетті алаң. Ту мен Елтаңба тұрған жерде ар мен ұят, тәртіп пен тектілік тұруы тиіс екенін ел іштей сезіп отыр.

Мемлекеттік рәміздер алаңының тағы бір маңызы – ол туған жермен байланыс. Ауылдан кеткен түлектер, қалада тұратын азаматтар дәл осы алаңды салу арқылы туған топырақпен рухани қайта қауышып жатыр. Бұл – жай ғана сағаныш емес, бұл – азаматтық парыз.

Егер ертең осы ауылдан бір оқушы олимпиада жеңімпазы, бір қыз балуан, бір жас кәсіпкер немесе бір жігіт мемлекеттік қызметке келсе, ол өмір бойы рәміздер алаңының түбінде тұрған Туға қарап өскенін ұмытпайды. Сол Ту оның көкірегінде елдіктің символы ретінде емес, өзінің ішкі компасындай болып сақталады.

Бұл бастаманың тағы бір ұтымды тұсы – рәміздердің мәнін түсіндіру. Көп жағдайда Ту мен Елтаңбаға құрмет тек формалды деңгейде жүріп жатады. Ал ауыл ортасына орнатылған нақты нысан – бұл құрметті визуалды, нақты, тұрақты формаға айналдырды. Енді балаға "елтаңба неге көк, неге қыран бейнеленген, неге шаңырақ бар?" деп сұрасаң, ол саусағымен көрсетіп тұрып түсіндіріп айта алады. Өйткені күнде көріп, күнде сол жерден өтеді.

Рәміздер алаңы – ауыл үшін тек сән емес. Бұл – символ әрі  рухани жоба десек артық айтқандық болмас еді. Мұндай жобаларды мектеп түлектері көтеріп жатқаны – ұрпақ сабақтастығының дәлелі. Бүгін рәміздер алаңын орнатқан түлек, ертең сол ауылдан шыққан оқушыға жұмыс тауып беруі мүмкін. Бүгін гүл еккен оқушы ертең сол алаңда мемлекеттік әнұранды жатқа айтып, болашаққа қарай батыл қадам басатын сөзсіз.

Түркістан облысындағы бірнеше ауылда тұрғындар алаңды тек мемлекеттік мерекелерде ғана емес, әр аптаның соңында тазалап, гүлдерін түгендеп, жарық шамдарын жаңартып отыратынын білеміз. Бұл – халық пен мемлекеттің арасындағы үнсіз келісімнің белгісі.

Алыс ауылдың ортасынан көк Ту желбіреп тұрса – сол ауылда үміт бар.

Әнұранның жолдарын жатқа білетін бала өсіп жатса – сол ауылда болашақ бар. Елтаңбадағы шаңырақты түсінетін ұрпақ болса – сол ауылда тұрақ бар.

Сонда ғана біз елдігімізді сақтап, біртұтас халық болып қала аламыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар