Ауыл – алтын бесік

Dalanews 19 қар. 2023 11:59 1236

Ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және қайта өңдеу өндірісі қызметкерлерінің күні  елімізде қарашаның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл кезде  дихандар егісін толық жиып теріп алып,  келесі жылға керекті  тұқымын, қысқа керекті  жемін қамбаға құйып, артығын  сатуға кіріседі. Шаруалар да қысқа керекті жемшөбін қамдап, мал басын ретке келтіріп, малшыларды  қыстауларға қоныстандырып бірқатар қарбалас жұмыстардан қолдары босай бастайды. Ал тамақ өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен  өңдеу саласындағылар да өздеріне керекті шикізаттарды дайындап алатыны белгілі.

Биылғы жылы дихандар  қауымы  бірқатар сынақтарды бастан өткерді. Жазда қуаңшылық болса, жиын-терім болатын күз кезінде толастамай жауған жаңбырлар өнімді  дер кезінде жинауға кедергі жасады. Дән масақта тұрып өніп, астықтың  сапасын күрт төмендеп кетті. Дегенмен, дихандар даладағы астықтың бәрін жинап алды, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін астық қорын қамдауға қол жеткізілді. Сонымен қатар, көкөніс, бақша  және жеміс дақылдарының да  керекті қоры жасақталды.

Егін шаруашылығымен қатар, ауыл шаруашылығының дамуында мал шаруашылығы үлкен рөл атқарады. Бұл салада ет, сүт, жүн өнімдерін өндіруге бағытталған түрлі бағыттар бар. Соңғы жылдары  жалпы мал шаруашылығы, әсіресе, қой, түйе  және жылқы шаруашылығы салалары табысты дамуда.

Ауыл шаруашылығы саласының негізгі міндеті – ішкі нарықты әртүрлі өніммен барынша толық қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының үлесін біртіндеп арттыра отырып, әлемдік рынокта өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізу болып табылады.  Ол туралы жақында  өткен Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық "Ауыл шаруашылығы – қуатты экономиканың негізі" ынтымақтастық форумында  ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев нақтылап айтты және басым   бағыттарын белгіледі.

Соңғы жылдары, ауылды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру арқылы ауыл тұрғындарының әл-ауқатының деңгейін көтеру сияқты маңызды міндет жүзеге асырылуда.

Мысалы, егіс даласында өнімділігі жоғары импорттық техникалар жұмыс істесе, фермаларда асыл тұқымды малдардың саны еселеп артып келеді, элеваторларда, ет комбинаттарында және сүт зауыттарында заманауи озық қондырғылар жұмыс істеуде. Алайда,  бұл жетістіктерді заманның өскелең талаптарына сай  дәрежеге көтеру басты міндет.


Қазақстанның айналасында жоғары сапалы азық-түлік өнімдерін қажет ететін үлкен нарықтар бар. Бұл жағдай Еліміздің Еуразия кеңістігінде жетекші ауыл шаруашылығы орталықтарының біріне айналуына мүмкіндік береді. Осы жағдайларды ескере отырып мал шаруашылығында  сапалы серпіліс жасау үшін өнімді экспорттайтын агроқұрылымдардың санын күрт арттыру қарастырылуда. Олар қол жеткізген  нарықтарды сақтап, экспортты әрі қарай ұлғайту үшін мал өнімдерін өндірудің көлемін арттыруға қабілетті өндіріс ошақтарына ұласуы тиіс.

Қазіргі кезде  малдың басым бөлігі, ресми  деректер бойынша 80 пайызы орта және шағын жеке шаруашылықтарында. Олардың көпшілігінің мемлекеттік демеу қаржыларына қолдары жете бермейді. Сол себепті ветеринария, мал тұқымын асылдандыру және жемшөп өндіру істері кенжелеп қалғаны мәлім.  Бұл жағдай мал шаруашылығын дамыту мен мал өнімдерінің экспорттық әлеуетін көтеруге кері әсер етіп отыр. Бұл мәселе орта және шағын фермерлердің мал өнімдері экспортымен табысты шұғылданып жүрген ірі агроқұрылымдардың мал өсіру, өнім өндіру және оны сату тізбектерімен жүйелі байланыс орнату арқылы шешілуі  тиіс.

Шаруалар экспортқа бағдарланған ірі агроқұрылымдардың өндірістік және өнімді өткізу тізбегіне қатысудан өнеге ала отырып, шаруашылықты ұйымдастыру тәжірибесін жақсарта алады, шаруашылықты басқарудың, мал бағудың неғұрлым жетілдірілген әдістерін және мал тұқымын асылдандырудың тиімді тұстарын игереді. Осындай ұжымдасқан өндіріс жүйесінде өнімнің қосымша құны артатыны экономикалық ақиқат.

Мал шаруашылыңын серпінді дамыту мал азығының мол қорын жасақтаумен тікелей байланысты.

Өкінішке орай, мал шаруашылығын дамытуға қажет жемшөп қорын жасақтау жүйесі елімізде  әлі қалыптаспаған. Бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы суармалы және тәлімі егіс танаптарында көпжылдық шөптердің  үлесін 30 % жеткізіп, топырақтың құнарлылық күшін қалпына келтіру арқылы  ғылыми негізделген егіншіліктің орнықты жүйесін қалыптастыру болып саналады. Осы меже  ауыспалы егістік негізінде сапалы және жоғары  өнім  өндіруге жағдай жасайды және мал азығының кажетті қорын жасақтаумен қатар  оның әдеуір бөлігін көрші елдерге сатуды қамтамасыз етеді.

Мал шаруашылығын қарқынды дамыту үшін елімізде жер деградациясын тоқтатуға және мал азығы өндірісінің орнықты жүйесін қалыптастыруға  бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бар мүмкіндікті жұмылдырған абзал.

Оған «Мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу  институтының» ғалымдарының қатысуымен Карағанды облысы, Шет ауданында іске асырылған Бүкіләлемдік Банкінің «Қуаң жерлерді басқару» және  Алматы облысы  Жамбыл ауданында  іске асырылған Біріккен Ұлтттар Ұйымы Даму бағдарламасының «Жайылымдарды орнықты басқару» жобаларының  нәтижелері  үлгі бола алады. Бұл  жобалардың озық нәтижелері  ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жер, су  және табиғат жағдайымен үндестікте жүргізген  іс тәжірибесінің  қазіргі заман талаптарына  бейімделген жалғасы ретінде кеңінен қолданыс табатынына сенімдіміз.

Бірнеше жылдан бері  елімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр.  Ауылдық жерге бара қалсаңыз жөнделген немесе жөнделіп жатқан жол, жаңартылып жатқан білім, мәдениет  және спорт ошақтары көзге түседі. Ілкімді азаматтардың  халықтың күнделікті қажетін өтейтін дүкен, кафе және әртүрлі шағын өнім өңдеу цехтары сияқты бизнес орындарын ашып, табысты жұмыс істеп жүргендері де қуантады. Кәсіп етсең нәсіп болатындығына көзі жетіп, әрекет жасап жүргендердің саны жылдан жылға артып келеді. Алдағы кезде ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы өндірісті, әсіресе, өнімдерді қайта  өңдеу мен тамақ өнеркәсібіне қатысты кәсіпорындарды көптеп құруды көздеген ел Үкіметі  «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті. Осы тұжырымдама аясында  жаңадан  жасақталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы бұл іске жаңа серпін берері  және ауыл  инфрақұрылымының  әрі қарай жақсаруына күмән тудырмайды.

Ауылдық аумақтарды дамыту саясаты адамдардың мүддесі үшін қалыптастырылады. Бұл  қазіргі заманғы стандарттарды ескере отырып, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыру, ауылдық жерлерде адамның өмір сүру ұзақтығын ұзарту қажеттілігін де қамтиды.


Осы тұрғыдан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы кооперациясын, сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру жолымен ауыл халқы табысының деңгейін арттыру және ауыл тұрғындарының даму ресурстарына (жер, материалдық, қаржылық, ақпараттық және т. б.) қолжетімділігін арттыру қарастырылған.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және ауылдық қоғамдастықтардың бастамаларын қолдау және  шағын және орта бизнес құрылымдарының табысты жұмыс жасауына жәрдем ету де қолға алынып жатыр.

Ауылдық аумақтардың өркендеуі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде ауыл шаруашылығының тиімділігі мен өнімділігін ұдайы арттыру арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған. Бұл қағидатты іске асыру үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен  оны өткізудің тиімді тізбектерін жолға қою, сондай-ақ ауыл шаруашылығы емес қызмет түрлерінің дамуын ынталандыру және тағы басқа да іс әрекеттер  көзделген.

Дамыған инфрақұрылымы бар даму әлеуеті жоғары  ауылдардың көбеюі мен  табиғи шоғырлануына пәрмен беру арқылы ауыл халқының қалаларға көшу үрдісіне шектеу қоюға болады.

Ол үшін ауылдағы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілердің, инженерлік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның, қазіргі заманғы байланыс құралдары қызметтеріне (интернет желісіне КЖД, мобильді, ұялы байланыс, цифрлық теледидар және т.б.) қолжетімділіктің басымдықпен дамуы мен сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету  көзделген.

Қорыта айтқанда «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру арқылы 2027 жылдың қорытындысы бойынша елімізде  даму әлеуеті бар 3,5 мың ауылдық елді мекеннің инфрақұрылымы жаңғырады, ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау объектісі, 183 мектеп пен 100 спорт құрылысы іске қосылады және 650 мәдениет объектісі салынып, жөнделетін болады, яғни еліміздегі 90% ауыл халқының  тұрмысы жақсарады.

Осы игілікті іс-шаралардың жүзеге асуына «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы бастама көтеріп, Парламент төрінен орын алған депутаттар ықпалымен заңнамаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізуге пәрмен беріліп келеді. 


Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі бұл халқымыздың алтын бесігі – Ауылдың мерекесі.  Бұл  дихан мен шаруа, егіншілік пен мал мамандары, комбайнерлер мен тракторшылар, сауыншылар мен бағбандар, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен аграрлық сала ғалымдарының ғана мерекесі емес, сондай-ақ, бұл мереке ауылдық аумақтарда орын тепкен тамақ өндірісі мен ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыларға жеткізу, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларының қызметкерлерінің де  мерекесі болып саналады. Олардың бірлесіп атқаратын кешенді  іс- әрекеттері  ауылдық аумақтарда қуатты экономиканың қалыптасуына, еліміздің тәуелсіздігі мен азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл тұрғындарының  тұрмыс жағдайының жақсаруына берік негіз  қалайды.

«Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы атынан Алтын бесік – Ауылдың мерекесі құтты болсын, құт берекесі мол болсын  деген тілек айтамыз!

Айбын ТӨРЕХАНОВ, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар