Атамбаев? Қырғыздарға жаным ашиды – Назарбаев 

Dalanews 12 шіл. 2021 13:56 975

81-ге толардың алдында Тұңғыш президент туралы бірнеше деректі фильм жарық көрді. Назарбаевтың өзі де толассыз сұхбат беріп, өткен-кеткенді еске алған деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Соның ішінде көршілес елдердің бүгінгі кескін-келбеті мен беталысына баға берген-ді. Орта Азия елдерінің ішінде Қырғызстанға айрықша тоқталған Назарбаев кіндіктес, бауырлас елдің “адасыңқырап” жүргеніне жани ашитынын айтқан. 

“Қырғыздар демократия орнатпас бұрын, экономиканы түзеуге тырысуы қажет еді. Демократияның етегінен ұстаған ел 30 отыз жыл бойы ештеңе тындырмады”, – деген экс-президент. 

Отыз жыл бойы ел басқарған Назарбаев даму деңгейі жөнінен Қазақстанның Қырғызстанды басып озғанын, “алдымен экономика, содан барып саясат” деген ұстанымнан айнымағанын мақтанышпен жеткізген. 

Экс-президенттің пайымдағанындай Батыс демократиясына ашқұрсақ, шалажансар күйде жете алмайсың. Алдымен халықтың қарнын тойғызу керек. Ол үшін мықты экономиканың іргесін қалып, саясатты кейінге шегере тұрған абзал. 

“Демократияда өмір сүретін адамның баспанасы, жұмысы, жанұясын асырауға жетерлік табысы болуы қажет. Міне, сонда ғана демократияны сөз етуге болады.

Кедейлікті, жоқшылықты жеңбей тұра демократияның қабырғасын қалау өнбейтін іс. “Демократия аралы” дейтін “атаққа” қалған Қырғызстанға жаным ашиды.


Бауырлас елдің қазіргі түрі анау. Осы 30 жылда Қырғызстанда ауыз толтырып айтарлық не істелді?!”, – деген-тұғын Назарбаев оқырманның өзіне сауал тастап. 

Экс-президенттің айтуынша Қазақстан қырғыздардың қателігін қайталамаған. Экономикаға екпін беріп, елдің еңсесін көтеруге тырысқан Назарбаевтың соңынан жөңкіле жөнелген.

“Қазақстандағы саяси-экономикалық тұрақтылық өсіп-өнуімізге кепілдік беріп отыр. Қырғыздар ше? Оларда билік ұдайы ауысады”, – дейді ол. 



Қырғызстанның даму жолындағы кемшіліктер мен олқылықтардың атын атап, түсін түстеп берген экс-президентке көршіміздің шенділері мен сарапшылары тіл қатыпты. 



Мәселен, Мемхатшы Чолпонбек Абыкеев демократиялық өзгерістерді Қырғызстанның осы 30 жылдағы ең үлкен жетістігі деп санайды.  

“Азаттық Қырғызстанмен” тілдескен шенеунік екі елдің өз бағдарын барын айтқан. 

“Қырғызстан Орта Азияның елдерінің ішінде демократияны жатсынбай қабылдаған жалғыз ел. Біздің қоғам демократияны қалап тұрады. Иә, бәлкім газы мен мұнайы бар Қазақстанмен иық тірестіре алмаспыз. Солай бола тұра олардың сыртқы қарызы бізден көп болмаса, кем емес. 


Қазақстанның несімен мақтанады, маған сол тұсы түсініксіз. Біз демократиялық жолдан таймаймыз. Біз үшін, халық үшін басты құндылық осы. Халықтың мінезі мен осы отыз жылда қалыптасқан құндылықтар демократиямен үйлесім тапқан”, – дейді ол.

Қырғыздардың экс-премьері Феликс Құлов экономиканы демократияның дәрежесіне көтеруге болмайды деп есептейді. Назарбаевтың кейбір тұжырымдарымен келісетінін айтқан экс-шенеунік, бұған геосаяси тұрғыдан баға берген екен. 



“Әлбетте, әркімнің өз пайымы бар. Назарбаев сөй дей отыра Қазақстанның Қырғызстаннан көші ілгері кеткенін көрсеткісі келген болар. Ол мұны ауадан алған жоқ. Айтып отырғаны рас. Елдегі жағдай ауыр. Қырғыздар жұмыс іздеп, Дубай мен Мәскеудің арасын кезіп жүр. Қазақстанда мұндай үрдіс байқалмайды. Бәлкім, соны айтқысы келген болар. 

Біздегі өзгерістер іргедегі көршілерді қобалжытып қояры өтірік емес. Қырғызстанда төңкеріс боларда, көрші елдер шекарасын тарс жабады. Бізден жеткен ақпаратты да сүзгіден өткізуге тырысады. Себебі, өздеріне ауып кете ме деп алаңдайды. Айналып келгенде экономиканың демократияға жаулығы жоқ, екеуін қатар дамытуға ештеңе де кедергі емес”, – дейді Феликс мырза.


Саясаткер Әміржан Қосанов қырғыз шендісінің сөзін қостап отыр. Көршімізде бүлік шықса, біздегілердің түн ұйқысы бұзылады. Қырғыз қоғамының төңкерістен өзгеріс іздеуі, азаматтық белсенділігі мен демократиялық құндылықтарға ұмтылуы Орта Азиядағы авторитарлы жүйелердің зәре-құтын қашырады. 



Сөй деген Қосанов Назарбаевтың өзіне тап беріпті. 

“Қырғызстандағы соңғы оқиғаларды қатысты сын айтудан аулақпын. Бұл қырғыз халқының өз таңдауы. Әрбірден соң Қырғызстан Қазақстанға ұқсауға тиіс емес. Олардың саясат пен экономикаға қатысты өз білгені бар. 

Қырғызстан Орта Азиядағы “демократияның аралы”. Бұған ешкім қарсы уәж айтпас. Иә, Жапаров келгелі бері парламенттік жүйеден супер президенттік басқаруға ауысқаны алаңдатып отыр. Әйтсе де...

Меніңше қырғыздарды сөз еткен Назарбаев осы арқылы өз қателіктері мен кемшіліктерін ақтап алуға тырысқан сынды.


Отыз жыл ел басқарған тұста Қазақстанда авторитарлы жүйе орнады. Әділ сайлауды әлдеқашан ұмытқанбыз. Парламенттің сыйы да, салмағы да жоқ. Азаматтар елдегі саяси өмірге атсалыса алмайды, барлығы бір адамның айтуымен, нұсқауымен шешіледі. Сондықтан Қырғызстандағы демократиялық өзгерістерді айыптау қателік!”, – дейді Қосанов.

Халықаралық адам құқы мен сөз бостандығын қорғайтын ұйымдар да осы бағытта Қырғызстанның Қазақстаннан озық тұрғанын айтады. Қырғыздар ел билігіне ықпал етіп, сөзін өткізе алатын жағдайда. 

Сөз бостандығы мен демократия деңгейін бағалайтын түрлі-түрлі рейтингтерде қырғыздардан және қалып тұрмыз. 

Айталық, “Шекарасыз репортерлер” рейтингінде Қазақстан мен Өзбекстан тиісінше 157-ші және 162-ші орында орналасса, Қырғызстан 79-шы орында тұр. 

Отыз жыл ел басқарған Назарбаев осыдан екі жыл бұрын орынтақты Тоқаевқа тапсырып, биліктен кететінін жариялады.


Кетерінің алдында ел басқарған кезеңді ой елегінен өткізген экс-президент: ел экономикасы 15 есе, елдің табысы 9 есеге өскенін, кедейшілік, жоқшылық 10 есеге қысқарғанын айтқан. 

Сонымен қатар 2007-2012 жылдар аралығындағы күйзелісті біздің ел ешкімнің көмегінсіз және табысты түрде жеңді деп мәлімдеген. Назарбаев "2050 жылға дейін Қазақстанда жалпыға ортақ еңбек қоғамы қалыптасады” деп сенеді.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар