Асхат Өтепов: Кез келген ағым – қоғамдағы бірлікке, мемлекеттің тұрақтылығына тікелей қауіп төндіреді

Азамат Қойшығара 15 сәу. 2025 01:52 87

Бұл сұхбатта Павлодар облысындағы Мәшһүр Жүсіп мешітінің найб имамы Асхат Өтеповпен тілдестік. Ол радикалды діни ағымдармен күрестің нақты жолдары туралы әңгімелеп берді. Имам теріс бағытқа түсіп кеткен жандармен жұмыс жүргізу тәжірибесін, мешіт ішінде олардың әрекетіне тосқауыл қою жолдарын, сондай-ақ дін мен дәстүрдің үйлесімін сақтау жөніндегі ұстанымын да түсіндіреді. Сонымен қатар жастарды теріс ағым ықпалынан қорғаудың маңызын атап, діни тұрақтылықты сақтау жолында мемлекеттің рөлін де қозғайды.

– Асхат ұстаз, соңғы кезде мешіттерде жалған діни ағым өкілдері жиі кездеседі деген пікір бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

– Иә, ондай жағдайлар мүлде жоқ деп айтуға болмайды. Сирек болса да, кездесіп тұрады. Әсіресе, дінге енді бет бұрған жастар арасында түрлі жалған сенімге арбалғандар байқалады. Олар мешітке алдын ала қалыптасқан түсінікпен, дайын идеологиямен келеді. Өздерін ғана «ақиқат жолындамыз» деп есептеп, имамдардың сөзін қабылдамайды, діни білімді тек өз шейхтарынан алу керек деп санайды. Мешіттегі уағыз-насихат жұмыстарын, халыққа дінді жеткізу тәсілдерін жаңалық, яғни «бидғат» деп көреді. Мұның бәрі – діннің шынайы мәнін бұрмалау.

– Олар мешітке қалай енеді? Әлде, сіздердің назарларыңыздан тыс қалып қоя ма?

– Олар көбіне интернет арқылы теріс бағыттағы уағыздарға тап болып, соған бой алдырып келеді. Қоғамда, әсіресе жастар арасында діни сауаттылықтың төмендігі – осындай жағдайларға жол ашып отыр. Бірақ мешіт – кез келген адам келіп, сұрақ қойып, білім ала алатын ашық орын. Сондықтан біз оларды қуып шыға алмаймыз. Керісінше, сөйлесіп, түсіндіруге тырысамыз. Кейде осындай бағыттағы азаматтар мешітке келіп, дінге жаңадан бет бұрып жүрген жастармен сөйлесіп, өздерінің түсінігін тықпалауға тырысады. Бұл – өте қауіпті. Бірақ, Аллаға шүкір, ондай жайттар сирек. Имамдар әрдайым жамағаттың арасында жүреді, бақылауда ұстайды. Дәстүрлі дінімізді барынша насихаттап, жамағатты дұрыс жолдан тайдырмауға күш салады.

– Жат ағым өкілдерін сырт келбеті, яғни киім киісі, жүріс-тұрысы арқылы ажыратуға бола ма?

– Кейбір сыртқы белгілері бар. Мысалы, қысқа шалбар киіп, ұзын сақал қойып жүреді. Бірақ басты айырмашылығы – олардың имамдарға, мешітке деген көзқарасында. Олар мешіт имамдарын «адасушылар» деп айыптайды. Қазақтың дәстүрлерін – беташар, тұсаукесер, сәлем салу сияқты әдеттерін шариғатқа қарсы деп есептейді. Алайда, біз білеміз – бұл дәстүрлердің түбінде исламға қарсы ештеңе жоқ, шариғаттың қағидаттарымен астасып жатыр. Сәлем салу – құлшылық емес, үлкенге құрмет деп білген жөн. Бірақ олар бәрін үстірт түсінеді. Мұндай көзқарас дін мен ұлттық болмысты бір-біріне қарсы қоюға әкеліп соқтырады.

– Асхат ұстаз, ондай адамдармен мешіт ішінде қандай жұмыс жүргізіледі?

– Ең бірінші кезекте түсіндіру шараларын қолға аламыз. Біз оларды кінәлаудан бұрын, сөйлесіп, сабырмен дұрыс бағытқа бұруға тырысамыз. Жастармен жеке-жеке сөйлесеміз. Намаз қалай оқылады, діни білімді кімнен алу керек – соның бәрін нақтылап, түсінікті тілмен жеткіземіз. Көп жағдайда олар алғашында тыңдағысы келмейді. Бірақ бірте-бірте ойланып, дұрыс бағытқа бет бұратындары да болады.

Ал кейбіреуі өз ұстанымында қалып, мешітке келуді доғарады. Дегенмен, имам ретінде біз ешкімнен үміт үзбейміз.

– Сіздің тек мешітте емес, түзету мекемелерінде де дәріс оқитыныңыздан хабардармыз. Бұл қандай жұмыс?

– Иә, мен теолог ретінде апта сайын түзету мекемелеріне барып тұрамын. Онда деструктивті ағымдардың жетегінде кетіп, қылмыс жасаған немесе тергеу изоляторында отырған адамдармен кездесеміз. Олардың көбі шын ниетімен ізденіп, шынайы исламды түсінуге тырысады. Біз оларға исламның мәнін, сабыр мен мейірімділікті түсіндіреміз. Бұл оңай жұмыс емес. Кейде бір адаммен жылдап жұмыс істеуге тура келеді. Себебі бұл – жүрекпен, сана-сезіммен жүргізілетін шаруа. Еңбегің бірде ақталып жатады, бірде сөзіміз далаға кеткендей күй кешеміз.

– Сонда бұл тек имамдардың ғана міндеті емес қой?

– Әрине. Бұл – кешенді жұмыс. Мұндай адамдармен жұмыс істеуге теологтар, дінтанушылар, психологтар, учаскелік инспекторлар, тіпті мемлекеттік органдар бірігіп қатысады. Әр адамның өмірлік тарихы әртүрлі. Біреу отбасындағы қысымнан, енді бірі әлеуметтік қиындықтардан бұл жолға түседі. Сондықтан оңалту процесі де әр адамға жеке тәсілмен жасалады. Бұл бір таблетка ішіп жазылып кететін нәрсе емес. Мұнда дін істері басқармалары мен арнайы оңалту орталықтары да үлкен рөл атқарады.

– Радикалды көзқарастар неге соншалықты қауіпті деп ойлайсыз?

– Өйткені, кез келген ағым – қоғамдағы бірлікке, мемлекеттің тұрақтылығына тікелей қауіп төндіреді. Олар төзімсіз, өзге көзқарасты мойындамайды. Қоғамда жік тудырып, алауыздыққа алып келеді. Бүгінде әлемнің әр түкпірінде болып жатқан діни қақтығыстардың астарында дәл осындай көзқарас бар. Сондықтан Қазақстанда діни тұрақтылықты сақтау – басты міндет. Мемлекет бұл бағытта нақты әрі үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Имамдарға қолдау көрсетіліп, түсіндіру шаралары күшейтілуде.

– Қазақстан қандай діни бағытты ұстанады?

– Қазақстан – дәстүрлі ислам жолын ұстанатын ел. Біз Ханафи мазһабын, сунниттік бағытты ұстанамыз. Бұл – ата-бабаларымыздың аманаты. Абай, Шәкәрім, Машһүр Жүсіп сияқты ойшылдарымыздың ілімі осы жолмен астасып жатыр. Біздің халқымыз ешқашан дінді қаталдықпен емес, байыппен, сабырмен, адамгершілікпен ұстанған. Біз осы жолдан айнымауымыз керек.

– Интернеттегі діни ақпараттарға қатысты не айтасыз?

– Бұл – қазіргі заманның ең үлкен мәселелерінің бірі. Жастар көп жағдайда діни білімді интернеттен алады. Бірақ, өкінішке қарай, ол жерде жалған уағызшылар өте көп. Сондықтан біз адамдарды діни ақпаратты тек сенімді көздерден алуға шақырамыз. Ең дұрысы – мешітке келіп, имамнан сұрау. Ол – қауіпсіз әрі дұрыс жол.

– Соңғы сұрақ: жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Жастарға айтарым – діни ізденісті дұрыс жерден бастаңыздар. Интернеттегі бірінші кезіккен бейнеге, кез келген уағызшыға сене беруге болмайды. Сенімді ақпаратты имамнан, мешіттен алыңыздар. Ең бастысы – өз санаңызды таза ұстаңыз. Дін – жүректің ісі. Ол – адамды жақсылыққа, кешірімге, парасаттылыққа тәрбиелеуі керек. Біз дін арқылы жік салуды емес, бірігуді үйренуіміз керек.

– Әңгімеңізге рахмет!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар