Астана–Бішкек байланысы нығаяды: жаңа келісім несімен ерекше?

Қаракөз Амантай 21 мам. 2025 14:46

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Бүгін Мәжіліс Астанада 2024 жылы 19 сәуірде қол қойылған «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты» ратификациялады. Құжатта саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық, қауіпсіздік, су-энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты күшейту көзделген.

Мінберде сөз сөйлеген депутаттар бұл шарттың стратегиялық маңызын атап өтіп, туыс екі ел арасындағы өзара сенім мен серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шарттың мақсаты қандай?

Шартта саяси, әскери, сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзит-көлік, су-энергетика, білім беру, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту көзделген.

Мысалы, құжаттың 2-бабында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Жоғары Мемлекетаралық Кеңестің маңызды рөлі көрсетілген.

"Бұған қоса, Шарттың 3-бабына сәйкес Тараптар парламентаралық байланыстарды, оның ішінде Қазақстан Республикасының Парламенті мен Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық кеңес шеңберінде одан әрі дамытуды және нығайтуды қолдайды. Сонымен қатар, Тараптар терроризмді, экстремизмді және сепаратизмді, сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмысты, киберқылмысты, заңсыз көші-қонды, адам саудасын, қару-жарақтың, есірткінің, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымын қоса алғанда, қауіпсіздіктің қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастықты кеңейтеді және тереңдетеді", - делінген Мәжіліс таратқан хабарламада.

Рахметуллин қандай пікір білдірді?

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің сөзінше, бұл құжат геосаяси тұрақсыздық жағдайында саяси диалог пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, екі елдің орнықты дамуына берік негіз болады.

«Қырғызстан – біз үшін одақтас мемлекет, стратегиялық серіктес және тарихы мен тамыры ортақ бауырлас ел. Бізді бір ғана рухани құндылықтар емес, ауыл шаруашылығы, су энергетикасы, мәдениет, білім беру, экология сияқты көптеген маңызды салалардағы терең байланыстар біріктіреді», – деді вице-министр.

Шарт екі ел арасындағы саяси, әскери, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Құжат сондай-ақ мемлекетаралық жоғары кеңес пен парламентаралық байланыстарды нығайтуға жол ашады.

«Биылғы геосаяси тұрақсыздық жағдайында бұл шарт саяси диалогты дамыту мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, екі мемлекеттің орнықты дамуына берік негіз болмақ. Шарт мемелекетішілік келісудің барлық қажет кезеңдерінен өткенін және сіздердің қолдауларыңызбен Парламент мәжілісінің барлық бейінді комитеттерімен келісілгенін атап өтемін. Осыған байланысты бұл шарт халқымыздың түбегейлі мүдделеріне сай келеді деп баяндаймыз», – деді Ақан Рахметуллин.

Қырғыз тарапы бұл құжатты 2024 жылдың 17 желтоқсанында ратификациялаған. Министр орынбасары шарттың мемлекетішілік келісудің барлық сатыларынан өткенін және Парламент Мәжілісінің тиісті комитеттерімен мақұлданғанын атап өтті. Сондай-ақ ол бұл келісімнің бюджеттен қосымша қаржы талап етпейтінін де нақтылады.

Депутаттар қандай сұрақтар қойды?

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау 2003 жылғы одақтастық келісім мен жаңа шарттың айырмашылығына тоқталды.

«Қырғызстан Қазақстан үшін бауырлас ел және жақсы көрші ғана емес, сонымен қатар қазақ-қырғыз қатынастарының құқықтық негізі дәйекті түрде нығайтылды. 1997 жылы «мәңгілік достық туралы» келісімге, 2003 жылы «Одақтастық қатынастар туралы» келісімге қол қойылды. Осыған байланысты менің қоятын сұрағым: Жаңа шарт жасасуға не себеп болды? Оның 2003 жылғы одақтастық қатынастар туралы келісімнен айырмашылығы қандай?», - деді ол.

Сұраққа жауап берген Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы құқықтық база жылдар бойы біртіндеп қалыптасқанын еске салды.

«Бұл шарт энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру, мәдени-гуманитарлық және әскери саладағы байланыстарды күшейтеді. Сондай-ақ парламентаралық ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл құжат екіжақты қарым-қатынастың жаңа кезеңге өтуіне ықпал етпек», – деді Ақан Рахметуллин.

Ал депутат Екатерина Смолякова Қырғыз Республикасындағы қазақстандық кәсіпкерлердің құқығы мен екі ел арасындағы сауда айналымын ұлғайту мәселесін көтерді. Ол Сауда және интеграция министрлігінің өкілінен нақты жоспарлар мен мақсатты көрсеткіштерді сұрады.

«Қырғыз Республикасында Қазақстан азаматтары мен кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? Шағымдарды қарау тетігі мен инвестицияларды қорғау туралы екіжақты келісім дайындала ма? Сондай-ақ 2024 жылы тауар айналымы 1,5 пайызға өсіп, 1,7 миллиард долларды құрады. Осыны ескере отырып, ратификациядан кейін сауданы арттыру бойынша қандай мақсат қойылып отыр?», – деп сұрады депутат.

Министрлік өкілі бұл сұрақтың құқықтық бөлігін Сыртқы істер министрлігінің құзыретіне жатқызды.

«Құқық қорғау мәселесіне нақты жауап бере алмаймын. Бұл – СІМ құзырындағы мәселе. Ал сауда бойынша айтар болсам, біздің министрлік Қырғызстанмен арадағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп, арнайы жол картасын әзірледі. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді ол.

Бұл құжат не үшін маңызды?

Мәжілістің жалпы отырысында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Самат Нұртаза «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасады.

Оның айтуынша, қаралып отырған құжат екі ел арасындағы бауырластық пен одақтастықты жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

«Бұл шарт – негіздемелік сипаттағы құжат. Ол 1997 жылғы «Мәңгілік достық туралы» және 2003 жылғы «Одақтастық қатынастар туралы» келісімдердің жалғасы әрі заңды түрде растауы. Бірінші бабына сәйкес, тараптар көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі жандандыру және жетілдіру мақсатында өзара байланысты нығайтуға уағдаласты», – деді депутат.

Самат Нұртазаның сөзінше, шарт саяси, экономикалық, көлік, су энергетикасы, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі мен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға бағытталған. Қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шарттық-құқықтық база 150-ге жуық екіжақты құжатты қамтиды.

«Екі елдің ортақ қауіпсіздік мүдделері де назардан тыс қалмайды. Құжатта терроризм, экстремизм, сепаратизм және трансұлттық ұйымдасқан қылмыс сияқты қауіп-қатерлерге қарсы күрес бағытындағы бірлескен іс-қимылдар да қарастырылған», – деді ол.

Сонымен қатар Нұртаза шартты ратификациялау мемлекеттер арасындағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

«Бұл – бауырластық пен одақтастық қатынастарды тереңдетудегі маңызды әрі алғашқы қадам. Жоба жұмыс тобы мен бас комитетте жан-жақты қаралды. Осыған орай, комитет бұл заң жобасын қабылдап, оны Сенат қарауына жіберуді ұсынады», – деді Самат Нұртаза.

Ол бұл құжаттың мәдени және рухани байланыстарды да тереңдетуге, бірлескен жобаларға жол ашатынын айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар