"Екі қыз пышақты жууға көмектесті" - басты күдікті Абзал Шынасыл

Көркем Алдабергенова 21 мам. 2025 11:30

Талдықорғанда Талғардағы 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шынасылдың айтуынша, оқиғадан кейін ол пышақты лақтырған.

– Біз дүкен жаққа қарай беттедік. Сол кезде мен пышақтағы саусақ іздері қалмасын деп оны сүрттім. Сосын Данамен: «Маған Dizzy құйшы, сонымен сүртем», – дедім. Сол сәтте Дана құйып берді, мен пышақты сүрттім, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Абзал тағылған айыпты жартылай мойындайтынын айтты. 

Айыпталушы Абзал Шынасылдың айтуынша, оқиға болған күні ол достары – Азамат Тоқтаубаев, Шыңғыс Белгожаев, Равиль Сакиев және кәмелет жасқа толмаған Д.Ы.-мен бірге кафеде демалып отырған. Сол кезде оған Нұрбол Тоқтаубаев қоңырау шалып, "Қамажай" дүкені маңында досын біреулер соққыға жыққанын хабарлаған.

Абзалдың сөзінше, ол оқиға орнына келгенде, төбелес басталып кеткен екен. Ол сондай-ақ Шерзаттың ағасы – Нұрғанат Ғайыпбаевтың өзіне қарай мылтықпен оқ атқанын айтты.

«Содан кейін олар Шерзатпен бірге Шота Руставели көшесімен қашып кетті. Кейін Шерзат құлап түсті. Ол құлаған кезде мен оны ұрып, тептім. Сосын мен Нұрғанатты үш рет пышақтадым. Мұны мойындаймын», – деді Абзал Шынасыл.

Сот барысында Абзалдан не үшін пышақты өзімен бірге алып жүргені сұралғанда, ол оқиғадан үш күн бұрын жанармай бекетінде белгісіз үш адам шабуыл жасағанын, сол себепті өзімен бірге пышақ алып жүргенін айтқан.

Алайда сотта Абзал Шынасыл бұрынғы айтқан сөздерінен бас тартты. Оның айтуынша, Шерзатты өлтірген ол емес және пышақты кім қолданғанын білмейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар