Шерзат ісі: басты күдікті Абзал Шынасыл жасаған ісін жартылай мойындады

Көркем Алдабергенова 21 мам. 2025 10:52

Шерзат Болаттың өлімі бойынша басты күдік Абзал Шынасыл сотта жауап бере бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Абзал тағылған айыпты жартылай мойындайтынын айтты. 

Айыпталушы Абзал Шынасылдың айтуынша, оқиға болған күні ол достары – Азамат Тоқтаубаев, Шыңғыс Белгожаев, Равиль Сакиев және кәмелет жасқа толмаған Д.Ы.-мен бірге кафеде демалып отырған. Сол кезде оған Нұрбол Тоқтаубаев қоңырау шалып, "Қамажай" дүкені маңында досын біреулер соққыға жыққанын хабарлаған.

Абзалдың сөзінше, ол оқиға орнына келгенде, төбелес басталып кеткен екен. Ол сондай-ақ Шерзаттың ағасы – Нұрғанат Ғайыпбаевтың өзіне қарай мылтықпен оқ атқанын айтты.

«Содан кейін олар Шерзатпен бірге Шота Руставели көшесімен қашып кетті. Кейін Шерзат құлап түсті. Ол құлаған кезде мен оны ұрып, тептім. Сосын мен Нұрғанатты үш рет пышақтадым. Мұны мойындаймын», – деді Абзал Шынасыл.

Сот барысында Абзалдан не үшін пышақты өзімен бірге алып жүргені сұралғанда, ол оқиғадан үш күн бұрын жанармай бекетінде белгісіз үш адам шабуыл жасағанын, сол себепті өзімен бірге пышақ алып жүргенін айтқан.

Алайда сотта Абзал Шынасыл бұрынғы айтқан сөздерінен бас тартты. Оның айтуынша, Шерзатты өлтірген ол емес және пышақты кім қолданғанын білмейді.

«Полицияда маған Шерзатты мен пышақтадым деп мойындатты. Кейін бізді Қонаевқа этаппен апара жатқанда – мен, Равиль, Шыңғыс және Азамат келісіп алдық: мен Шерзатқа қатысты кінәні өз мойныма аламын, ал Нұрғанатқа қатысты кінәні Шыңғыс мойнына алады деп. Мен кінәні мойныма алсам, жазам жеңіл болады деп ойладым», – деді Шынасыл.

Кейін сотта Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев пен Абзал Шынасыл арасындағы беттестірудің бейнежазбасы көрсетілді. Беттестіру кезінде Нұрғанат Ғайыпбаев төбелес кезінде пышақ Абзалдың қолында болғанын және сол пышақпен Шерзатты жарақаттағанын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар