Астана процесі: Сириядағы қақтығысты шешуге қалай ықпал етуде?

Dalanews 20 мау. 2023 02:00 1515

Қазақстан өзінің астанасын Сириядағы жағдайды саяси реттеу бойынша келіссөздер алаңы ретінде ұсына отырып, келіссөздер үдерісінің «Астана процесі» деп аталатын жаңа нұсқасының негізін қалаушы болды. Бұл ғаламдық маңызы бар шараның тұрақты жалғасын табуы көптеген халықаралық түйіннің тарқатылуына септескенін көшбасшылар мен сарапшылар әлденеше рет мойындағанын білеміз. Биыл да Сирия келіссөзі біздің бас шаһарымызда ұйымдастырылғаны сондықтан.

Басынан әңгімелесек, 2011 жылдың көктемінде Сирияда Башар Асад режимі мен оппозиция арасындағы текетірес бұрқ ете қалып, оның соңы азаматтық соғысқа ұласты. Ауқымды қақтығысқа Сириядағы әртүрлі саяси күштер ғана емес, сонымен қатар аймақтың негізгі мемлекеттері, халықаралық ұйымдар мен әлемдік державалар да қатысып кетті.

Көп деген адам өліміне алып келген соғыс қимылдары бейбіт халықтың қырылуына, елді мекендердің қирауына алып келіп, елдің экономикасы мен инфрақұрылымына орасан зор залал келтірді. Бұл, тіпті халықаралық проблемалар тудырды. Айталық, соғыс сириялықтардың аймақтың және Еуропаның әртүрлі мемлекеттеріне жаппай қоныс аударуына себеп болды, бұл миграциялық дағдарысқа әкелді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының мәліметі бойынша, 2018 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 45 штатта ресми тіркелген 6 664 415 сириялық босқын болған.

Нәтижесінде Сириядағы оппозиция мен үкімет арасындағы қақтығыс әлемдік күн тәртібіндегі ең күрделі сынақтардың біріне айналды.

Осы 2011 жылдан бері халықаралық қауымдастық Сириядағы саяси ахуалды реттеуге бірнеше рет талпыныс жасады. Атап айтқанда, 2015 жылдың қазан айында басталған Вена келіссөздері, сондай-ақ 2016 жылдың қаңтарында басталған БҰҰ қамқорлығымен Сирия бойынша Женева бейбіт келіссөздері ұйымдастырылды. Десе де, бұл оқиғаларды да нәтижесіз деп айтуға болмайды. Белгілі бір деңгейде шешімдер қабылданды, босқындар мәселесін біршама шешті, саяси ахуалды уақытша болса да қалпына келтірді.

2016 жылы Қазақстан Сириядағы соғысушы тараптардың келіссөздері үшін Астанада алаң ұйымдастыруды ұсынды. 2017 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстанның астанасында Сириядағы жағдайды реттеу бойынша жеті халықаралық кездесу өтті, кейін олар «Астана процесі» деген атқа ие болды. Алғашқы отырыс 2017 жылдың 23-24 қаңтарында біздің елордамыз өтті. Онда кепілгер елдер – Ресей, Түркия және Иран Сириядағы атысты тоқтату режимін бақылаудың үш жақты механизмін құруға келісті. Ең бастысы, қарулы оппозиция мен Сирия үкіметі арасында жанама келіссөздер жүргізілді. БҰҰ делегациясы делдал, АҚШ делегациясы бақылаушы ретінде қатысты. Бұл Сирия үкіметі мен қарулы оппозицияның қатысуымен өткен алғашқы келіссөздер еді.


Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура атап өткендей, Қазақстан халықаралық аренадағы ең күрделі жағдайларды шешуге күш салды. Тек 2017 жылдың өзінде деэскалация аймақтары мен босқындарды қайтару үшін жағдай жасау, инфрақұрылымды қалпына келтіру, тұтқындар мен ұрланғандарды босату, гуманитарлық көмек көрсету мәселелері талқыланған сегіз кездесу өтті.

Астана процесі – қазіргі кездегі ең өзекті мәселелер бойынша жанжалдың барлық тараптары қатысатын келіссөздер сериясы. Астана форматының бірегейлігі екі күннің ішінде сириялық реттеудің барлық аспектілері бойынша терең пікір алмасудың өтуінде деуге негіз бар. Астана форматындағы кездесулер кейбір маңызды оқиғалар мен Сириядағы жағдайдағы өзгерістерден кейін өтіп жатыр. Астана процесінің бірнеше раунды Қазақстанның астанасында емес, Сочи мен Анкарада да өтті.

«Сириядағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу бағытында ел басшылығы ұсынған Қазақстанның бастамалары терроризм мен экстремизмнің барлық түрінен бас тартудағы жоғары халықаралық миссияны көрсетеді. Еліміздің жоғары бітімгершілік және гуманитарлық бастамалары үлкен саясаттың әлемдік ойыншыларына БҰҰ-ның халықаралық-құқықтық қарарлары мен құжаттары негізінде Сириядағы жағдайды құқықтық реттеу және теңдік қағидаттарын бірлесіп қайта қарастыру қажеттігін айғақтайды. Қазақстан Орталық Азиядағы мемлекет ретінде аймақтағы тұрақтылық пен саясаттың, экономиканың және қауіпсіздіктің әртүрлі салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған көпвекторлы саясатты ұстанып келеді», - деп атап өтті Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры, PhD докторы Алмасбек Шағырбай.

Оның айтуынша, Қазақстанның Сириядағы қақтығысты реттеуге қатысуы тек келіссөздер үдерісімен шектелмейді. Өйткені, оның кешеуілдеп қалу қаупі аймақта жаңа лаңкестік топтардың пайда болып, өз қатарына басқа елдердің, соның ішінде Қазақстан азаматтарын да белсенді түрде тартуымен байланысты.

«Біздің республика Сирия мен Ирактан Қазақстан азаматтарын қайтаруды көздейтін «Жусан» деп аталатын арнайы гуманитарлық операцияға аймақтағы алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Қабылданған арнайы шаралардың нәтижесінде қазақстандық әскерилер елге мыңға жуық азаматты алып келді, олардың көпшілігі әйелдер мен балалар еді. Олар түгелдей-дерлік мемлекеттік шаралардың арқасында Қазақстанның дәстүрлі шындығы мен құндылықтарына бейімделді. Азаматтарды ұрыс аймақтарынан қайтару бойынша осы гуманитарлық операцияны мысалға ала отырып, көршілеріміз, алыс-жақын басқа мемлекеттер де Қазақстанның бастамасын қолдап, Сириядан өз азаматтарын қайтаруға күш салды», - деп еске алады сарапшы.

Расында, «Жусан» әскери-гуманитарлық операциялары және одан кейінгі шетелдегі қандастарымызбен жүргізілген оңалту жұмыстары әлемдік қоғамдастықта оң бағасын алды. Қазіргі уақытта Қазақстан экстремизм мен терроризмнің барлық көріністеріне белсенді түрде қарсы тұру саясатын жалғастыруда.

Сарапшылардың пікірінше, Астана процесі барысындағы бірқатар келіссөздер Сириядағы шиеленісті, қарулы қақтығыс деңгейін айтарлықтай төмендетуге және жағдайдың өршуін бітімгершілікке бағыттауға мүмкіндік тудырды.

«Сириядағы жағдайды реттеудегі Астана форматының саяси маңызы қазіргі уақытта өзектілігін жоймай отыр, интернетте түрлі террористік ұйымдардың белсенділенуі, көші-қон процестерінің кеңеюі, Ауғанстандағы тұрақсыз жағдай осы бағыттағы өзара іс-қимылды күшейтуді талап етеді. Ал бұған Астана форумы мүшелерінің бір бөлігі және геосаяси масштабтағы жетекші әлемдік елдермен ұсынылған мүдделі тараптардың өкілдері бірдей үлес қосуы тиіс. Қазақстан бейбіт мемлекет және БҰҰ Жарғысының тең құқылы мүшесі ретінде Сириядағы мәселенің өркениетті реттелуіне мүдделі», - деп есептейді Алмасбек Шағырбай.


2022 жылдың 22-23 қарашасында өткен 19-шы кездесуде кепілгер елдер (Иран, Ресей және Түркия) қақтығыстың әскери шешімі жоқ екенін тағы да қуаттап, лаңкестікпен күресу үшін ынтымақтастықты жалғастыру қажеттілігіне назар аударды.

«Сирия күн тәртібі әлі де әлемдік қауымдастықтың назарында. Ұзақ уақыт бойы халықаралық ойыншылар ішкі қақтығысты тоқтату және Орталық Азия елдері дағдарысын саяси жолмен шешу жолдарын іздестіруде. Астана да Сириядағы қақтығысты реттейтін алаң», - дейді саясаттанушы Дәурен Кәкентай.

Оның пайымынша, осы уақыт ішінде Астана процесі жағдайды деэскалациялауда және қантөгісті тоқтатуда оң рөл атқарып, Сирия үкіметі мен оппозициясы арасындағы тікелей диалогтың бірегей алаңына айналды. Женева форматы Сирияның саяси жүйесін реформалауға бағытталған болса, тараптардың Астанадағы келіссөздері жергілікті мәселелерді шешуге, соның ішінде гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған. Астана процесі экспоненциалды түрде дамып келеді. Бір айта кетерлігі, тараптардың Астанада бір үстел басындағы әрбір кездесуі айтарлықтай нәтиже беретін тынымсыз жұмыс. Соған қарамастан, келіссөздер процесінің барлық тараптары ұзақ мерзімді ықпал етудің стратегиялық мүдделерін ескере отырып, әлі де байыпты ымыраға келу жолында.

Астана процесі өзектілігін жоғалтпайды және жұмысын жалғастырады. Мәселен, Сирия мәселесі бойынша кезекті кездесу 20-21 маусым күндері тағы да Астанада өтті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар